wrapper

Соңғы жазбалар

Мұсылмандардың Құрбана айт мерекесі 24 қыркүйек емес, 1 қыркүйекке сәйкес келеді.

Қазіргі заманның зобалаңы қылышты майданнан басталмайды, ақпараттық соғыстан асқынып тұр. «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» деген атам қазақ. Қасиетті кітапта да алдымен қаламның, яғни, сөздің жаратылғаны айтылады. Оның құдіретінің шексіздігін осыдан-ақ аңғаруға болады-ақ. Айбарыңды асырып өсіретін де, жан-дүниеңді төңкеріп көшіретін де, ең бағалы деген көңілдің өзін астаң-кестең ететін де – сөз. Сол сөзбен семсерлесу тәсілін бүгінгі әлемдік өркениет дәуірі «ақпараттық соғыс» деп түйіндеген. Ал оның ауқымы әр ауылды, мекенді, қаланы, қала берді, әлемді шарпып тұр.

Бүгінде ақпараттық технологияның аяғы баспаған аймақ өте аз. Оның даму қарқыны шарықтау шегіне жақындаған да сыңайлы көрінеді кейде. Осының арқасында жер бетінің кез келген нүктесінде уақиғаны сол мезетте бақылап отыратын халге жеттік. Кейде бір жақсылықтың бір жамандығы болатыны сияқты, жаңашылдықтың да кесір-кесапаты аз болмайды екен. Алға қарай секунд санап ілгерілеген ақпараттық технологиямен бірге ақпараттық соғыс та өрши түсті. Әсіресе, ағылшыннан аударғанда «жасанды» деген ұғымды білдіретін фейктің өріс алғаны сонша, жалған ақпарат немесе фотошоп арқылы өңделген өтірік суреттер арқылы ел-жұртты адастыру, әлекке салу, содан кейін өз мүддесіне пайдалану әдетке айналды. Бүгінгі ақпараттық айла-тәсілдер жеке адамдардың ғана емес, тұтастай мемлекеттердің егемендігіне қауіп тудырып жатқанын жұртшылық хабардар. Ислам әлеміне едәуір бүлік пен шығын әкелген «араб көктемі» атты жаппай толқулардың басталуына телефоны арқылы тараған қаңқу сөздер түрткі болғаны есімізде. Іргеміздегі Қырғызстан, Украина елдерінде біршама жылдар бұрын болған берекесіздіктердің де белең алуына қауесеттер елеулі ықпал еткені сөзсіз. Мұндай соғыс түрін көбіне пиғылы жат, ниеті арам топ немесе ұйым пайдаланатынын көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Сондықтан жоғарыдағыдай жағдаяттардан іргемізді алыс салып, кез келген ақпаратқа талғаммен қарап, салмақты көзқараспен сарапқа салғанымыз абзал.

Дәл қазіргі таңда «WhatsApp» әлеуметтік желісінде «Мүфтияттың айтуынша, 24 қыркүйек Құрбан айт болып белгіленді» деген мәтіндегі мәлімет желдей есуде. Алайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан мұндай ақпарат тарамаған. Басқарма өкілдері Құрбан айт мерекесінің 1 қыркүйекке тура келетіндігін қатаң ескертті. Қайталап айтайық, Құрбан айт 1 қыркүйекке тура келеді! Ал жоғарыдағыдай жалған дерек тарату кімнің мүддесіне тиімді немесе қажет болғаны белгісіз. Ең қызығы, «Осы ақпаратты көпшілікке таратсаңыз, Алланың алдында пәлен-түген сауапқа кенелесіз» дейді әлгіндей мәтіндерді таратушылар.

Еліміздегі діни басқарманың ғұламалар кеңесі мүшесі, «kazislam.kz» ағартушылық-ақпараттық порталының сарапшысы Ершат Оңғаровтың айтуынша, мұсылман мерекесіне қатысты жалған ақпарат кейбір отбасыларына едәуір залалын тигізуі мүмкін. «Бір нәрсе анық, діни жалған мәтінді қанша адамға таратсаңыз да, бұл Алланың тарапынан сауапқа татитын амал емес. Керісінше, күнәлі іс. Жалған айту бір күнә болса, айтпағанды айтты, істемегенді істеді деу жала жабу болып саналады. Бұны шариғатта «Буһтан» деп атайды. Оның күнәсі екі есе ауыр.  

Бұндай фейк ақпарат мерекелік датамен сәйкестендірген өзге біреудің отбасылық жоспарын бұзып, дайындық шараларына кәдімгідей кедергісін келтіруі мүмкін. Сондықтан, барша қандас бауырларымыздан өтінеріміз: дінді еріккеннің ермегіне айналдыруды доғарғанымыз жөн. Мұндай салмақты мазмұндағы ақпараттарды тарату қарапайым халықтың – сіз бен біздің міндетіміздегі шаруа емес. Құзырлы мекемелерге жүктелген жауапты іс. Ендеше, мәселенің анық-қанығын білмей жатып, кез келген ақпаратты таратудан аулақ болайық», дейді ол. Расында, көрінген ақпаратты сіңіре бергеннен, сана көкжиегі кеңеймейді. Талғап оқып, таңдап «жұтқан» ұтады.

Игілік Қоңыратбай 

kazislam.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk