wrapper

Соңғы жазбалар

Серік Қажымұқанұлы Тәжібаев
Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы,
ғылыми қызметкер, магистр

ДІЛІ БҰЗЫҚ "АХМАДИЯ АҒЫМЫ"  

Ахмадия ағымының негізін қалаушы – Мырза Ғулам Ахмед Қадиян. Ол 1839 жылы Үндістанның Пенжап аймағындағы «Қадиян» қаласында дүниеге келген. Әкесі – Мырза Ғұлам Мұртазаның ағылшындықтардың отарлық саясатына қолдау көрсетіп, олардың Үндістан еліне орнығуына қызмет еткенін баласы Ғұлам Ахмад өзінің уағыз-насихатында сан мәрте мақтанышпен айтқан. Өз елін сатып, ағылшындарға қызмет еткен Ғұлам Ахмад әкесінің идеясы мен іс-әрекетін жалғастырды деуге толықтай негіз бар.

Ғұлам Ахмад – Орта Азия өңіріндегі Өзбекстандағы Самарқанд қаласында дүниеге келіп, Үндістан еліне сапар шегіп «Қадиян» қаласында қоныстанған. Теология ғылымдарының докторы М.Исаұлы «Ахмадия (Қадиания) жамағаты мұсылман ба?» атты мақаласында Ғұлам Ахмадтың өмірлік тарихы жөнінде:

«XIX ғасырдың орта тұсында олар тұрған аймақты сихтар басып алып, бұлардың бар байлығын тартып алады. Бірақ, көп ұзамай 1849 жылы ағылшындар сихтармен соғысып, олардың тас-талқанын шығарып, елді отарлайды. Сол кезде Ғұлам Ахмадтың отбасы тартып алынған жерлері мен байлығын қайтарып алуға қол жеткізеді. Сол үшін де оның отарлаушы ағылшындарға деген алғысы шексіз еді. Содан бастап ол отбасымен бірге соларға адал қызмет ете бастайды», - деген.

Осындай мүмкіндіктің әсерімен Ғұламның әкесі байлыққа кенеліп, белгілі мәртебе иемденген соң, баласын араб, парсы тілі және пәлсапа, логика (мантық) сынды т.б. сол кездегі қажетті деген пән салаларын оқытады.

Одан әрі Ахмад Ғұлам дінді саяси құралға айналдыру мақсатында Ислам негіздерін бұрмалай бастайды. Ол жындар әлемімен байланысқа шығу әрекеттерін жасап, өзін «көріпкел», «әулие» ретінде көрсетуге тырысады. Нәтижесінде, 1880 жылы «Барахани Ахмадия» атты еңбегін урду тілінде жарыққа шығарып, онда ол өзін «Мужаддид» (жаңартушы) ақырзаманның үлкен белгілерінің бірі имам Мәһди екенін алға тартады. Сөйтіп, 1885 жылы Ғұлам өзін – «реформатормын» деп, соңынан тіпті шектен шығып, өзін – «пайғамбармын» деп те жариялайды. Жалған пайғамбар Ғұламның «Барахани Ахмадия» атты еңбегінің 2-ші томында уахи мен аян мәселесі тұрғысында жазып, ол уахилар Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өзінен келуі мүмкіндігін алға тартады.

Осылайша, діни сауаттылық деңгейі төмен Үндістан аумағында Ғұламның еңбегін діндарлар бағалап, олар – «Ахмадия жамағаты» деген есіммен таныла бастады.

«Жалғаншы пайғамбар» Ахмад Ғұлам мұнымен де шектелмей, 1891 жылы өзін ақырзаманда түсетін Иса (а.с) екенін де жариялауға кірісе бастайды. Бұл кезде ол Исаның христиан сенімі бойынша ерекше өліммен өлгенін дәлелдемек болады.

Теология ғылымының докторы М.Исаұлы «Ахмадия жамағатының» сенім мәселелері жөнінде:

«Қазақстандағы Ахмадия сектасы Құранды орыс тіліне аударған. Осы аудармада олар аяттарға түсініктеме беріп, өз көзқарасын білдіріп, аятты өз сенімдеріне қарай бұрмалаған. Соның бірі – кітаптың 127 бетінде Иса пайғамбардың Кашмирде қайтыс болғанын жазған. Тіпті олар «Маида» сүресінің 76 аятының түсініктемесін де бұрмалап оның өлгені анық деп баса айтады. (Сол аудармадағы 147 бетке қараңыз.)

Бұл пікір түгелдей исі мұсылмандарға қарсы көзқарас. Өйткені, Құранда Алла Тағала Иса пайғамбарды тірідей көкке көтеріп алып кеткендігі айтылады. Ендеше, мұндағы мақсаттың бірі – мұсылмандардың Құранға деген көзқарасын өзгерту. Әрі одан алшақтатуға қадам жасау», - дейді.

Ал, Ахмад Ғұлам: «Ақырзаманда келетін Иса Мәсіх емес, жаратылысы жағынан соған ұқсайтын Мұхаммедтің үмбетінен шығатын біреу болады» деп сендіреді. Бұлтартпас мәтіндерде келген ақырзаманның үлкен белгілерінен болған имам Мәһди мен көктен түсетін Иса (а.с) «екеуі бір адам» деген негізі бұзық ой таратады. «Ал ол адам – Мырза Ғұлам Ахмад» деуден де тайсалмайды.

Қадиянилер жамағаты жансақ сенім негіздерінде – Исаның (а.с) өлгеніне қатысты Қасиетті Құраннан мынадай дәлелдер келтіруге тыраштанады:  

1. «Олардың араларында болғанымда, оларға куә едім. Ал Сен мені алған шақта оларға өзің ғана куәсің» (Маида сүресі, 117), – деген аятты негізге алып оның өлгенін алға тартады.

2. «Ей, Иса! Сені Мен алушымын. Сондай-ақ, өз тарапымнан көтерушімін әрі қарсы болғандардан тазартушымын да саған ілескендерді қияметке дейін қарсы болғандарға үстем қыламын. Сонан соң қайтар жерлерің Мен жақ! Сонда таласқан нәрселеріңе үкімін беремін» деді» («Әл-Имран», 55).

3. «Мәриям ұлы Мәсіх бір пайғамбар ғана. Одан бұрын да пайғамбарлар өткен. Оның анасы шыншыл. Екеуі де тамақ жейтұғын» («Маида», 75), – деген аяттағы «Тамақ жейтұғын» дегенге сүйеніп, оның өлгенін айтады.

Бірақ, барлық Ислам ғұламалары бұл аяттарға қарап, Иса пайғамбардың (а.с) өлгенін дәлелдемейді. Тіпті, оның екінші ашық аятқа қарап Алла Тағаланың көкке тірідей көтеріп кеткенін айтады. Себебі, оның өлмегені туралы жүзден астам хадистер болса, Құран Кәрімде ашық аяттар да бар.

«Ниса» сүресінің 157 аятында:

وَقَوْلِهِمْ إِنَّا قَتَلْنَا الْمَسِيحَ عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ رَسُولَ اللّهِ وَمَا قَتَلُوهُ وَمَا صَلَبُوهُ وَلَـكِن شُبِّهَ لَهُمْ وَإِنَّ الَّذِينَ اخْتَلَفُواْ فِيهِ لَفِي شَكٍّ مِّنْهُ مَا لَهُم بِهِ مِنْ عِلْمٍ إِلاَّ اتِّبَاعَ الظَّنِّ وَمَا قَتَلُوهُ يَقِيناً 

«Негізінде олар оны өлтірген де асқан да жоқ. Бірақ, оларға ұқсатылды», – деп айтылады.

Демек, Ахмадия жамағатының сенімінде Иса (а.с) өз заманында өмір сүріп, содан соң қарапайым адам секілді өлген. Мұндай түсінік олардың ең басты сенімдері. Сондықтан да Ғұлам Ахмедтің көзқарасы бойынша Исаның (а.с) көкке көтерілуі жалған нәрсе болып табылады. Ол бұл туралы пікірін: «Ақырзаманда Дәжжәлмен күресетін әрі Ислам дінінде келетіні уәде етілген Мәсіх өліп Аллаға қайтқан Иса ибн Мәриям емес. Күтілген Мәсіх Исаға қатты ұқсайтын менмін. Ал Иса ибн Мәриям болса өліп бұл дүниеден өткен» деп түсіндіреді.

Қадияндық жазушы Назыр Ахмад:

«Хазреті Иса жұрт қатарлы өліп, көз жұмған. Өйткені «Алланың заңында өзгеріс болмайды», - дейді. Ендеше, ол жер бетінде туған екен, олай болса жер бетінде өлген. Оның жәннаты – Кашмир. Иса анасымен бірге сол жерге жолға шығып, сол жерде өлген. Оның денесі әлі күнге дейін Кашмирде жатыр», - деп жазады.

Тіпті, оның Кашмирде өліп, жерленгені туралы Исламның мың жылдық ешбір кітабында кездеспейді. Тіпті, христиандардың да кітаптарында ондай сөз жоқ. Сондай-ақ, әлем тарихы туралы деректерде оның Кашмирде өлгені айтылмайды. Міне, осындай пікірлер христиандар мен мұсылмандардың арасына бүлік мақсатымен салынған күмән, күдік еді». 

Қадиянилардың иман ұғымы

Қадиянилардың иман ұғымы – Аллаға, пайғамбарларға және олардың әкелген хабарларына сену, жүрекпен бекіту, тілмен қайталау және қайырымды істерді жасаудан тұрады. Иманның қарсы мағынасы болып табылатын «күпірлік» мәселесінде Қадиянилардан болған «Лахор Ахмадилері» өте мұқияттылық танытады. Олардың ойынша, «күпірлік» - пайғамбар әкелген ақиқатты жоққа шығарулары. Мұсылмандық – бағыну, берілу, мойынсыну дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір жаман іс-әрекет пен мойынұсынбаушылық та күпірліктің бір бөлшегінен саналатындықтан, бір мұсылман да бір күпірлік әрекетіне барып қоюы мүмкін. Мұсылман мен кәпірді, яғни иман еткен мен күпірліктегі адамды айыратын нәрсе – Алланың бірлігін және Мұхаммедтің (с.ғ.с) пайғамбарлығын қабылдау немесе жоққа шығару болып табылады. Осыны қабылдап, тілімен айтқан біреуді Ислам бауырластығынан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ. Ахмадилер сенім негіздерінде осылайша бекіткенімен өз пікірлеріне қарсы шығатын тұстары да бар. Өйткені Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар – ақырғы пайғамбар.

Ислам шариғатында Алла Тағала жер бетіне шариғатпен бір пайғамбар жібереді. Жаңа бір елші келгенге дейін сол елге хабаршы пайғамбар келіп елшінің шариғатын насихаттайды. Егер шариғат бұзылған болса уахи арқылы қайта алып қаймағы бұзылмаған күйінде халыққа ұсынады. Әрі ақырғы пайғамбарға дейінгі пайғамбарлар белгілі бір елдерге, ұлттарға жіберілген. Ал ақырғы пайғамбардың олардан айырмашылығы оның бүкіл жер бетіндегі және қияметке дейінгі барша халыққа пайғамбар етіп жіберілуінде. Ол әрі хабаршы әрі елші пайғамбар. Ол жаңа бір шариғатпен келген. Алайда оның басқа елшілерден тағы бір айырмашылығы өзінен кейін ісін жалғастырған хабаршы пайғамбарлар келмейді. Оның сыры – оның ең соңғы пайғамбар болуында. Және оның Құраны мен сүннеті қияметке дейінгі адамдарға жеткілікті болуында. Оның мирасқорлары – үмбетінен шыққан ғұламалар болуында. Әрі бұрынғы елшілердің шариғаты бұзылғанда елге жаңа бір хабаршы пайғамбар жіберіп соған уахи арқылы елшінің шариғатын қайта беретін болса, хазіреті Мұхаммедтен кейін хабаршы пайғамбардың келуінің қисыны жоқ. Өйткені одан кейін ешқандай пайғамбар болмайды. Және оның шариғаты бұрынғы елшілердің шариғаты секілді бұзылмайды. Өйткені Құранда Алла Тағала (Хажар сүресі, 9):

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ 

«Шындығында бұл Құранды Біз түсірдік. Ендеше мұны сөзсіз Біз сақтаймыз», - деп кепілдік берген. Ал Алла Тағала бұрынғы елшілер арқылы жіберген шариғат пен кітаптарға дәл бұлай кепілдік бермеген. Ендеше, Алланың өзі сақталуына кепілдік беріп тұрған Кітап үшін хабаршы пайғамбардың келуінің қисыны жоқ. Оның үстіне хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с) өзінің ақырғы елші және хабаршы пайғамбар екенін баса айтып кеткен. Шындық осылай бола тұра қадиян сектасы өз-өздеріне өздері қарсы шығады. Оның мысалы төмендегіше:

Қадиян Ахмадилері бойынша, күпірлік екі түрлі болады. Біріншісі: шариғат әкелген пайғамбарды жоққа шығару арқылы күпірлікке түсу, екіншісі үмметтің пайғамбарын (Ғулам Ахмедті) жоққа шығару арқылы күпірлікке түсу. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбар жаңа шариғат әкелгендіктен, оны жоққа шығару адамды күпірлікке түсіріп, Исламның шеңберінен шығарады.

Ахмадия ағымының жансақ пиғылды идеологияларының исі мұсылман жұртшылығы арасында араздық пен алауыздық туғызатыны сөзсіз. Жат пиғылды, жат ағымның бетін қайтару саналы адамға еш қиындық туғызбайды. Себебі, дәстүрлі Ислам дінінің негізгі дәйегі – Құран мен сүннет. Ханафи мәзһабын ұстанатын көзі ашық, көкірегі ояу мұсылмандарға Алла Тағаланың (Ахзаб сүресі, 40): «وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ» «Пайғамбарлардың соңы»,-деген аят жолы жеткілікті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақырзаман пайғамбары екені, сондай-ақ одан кейін пайғамбар болмайтындығына айқын дәйегі.

Қорыта келгенде, «Ахмадия» жамағатының сенімі бойынша тек осы топқа ерген кісілер мұсылман саналып, ал ермегендер мұсылман болып саналмайды. Бір сөзбен айтқанда, бүйректен сирақ шығарғысы келген Ахмадия ағымы өздерінің жансақ пиғылды сенімдерімен мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағын бұзуды мақсат етіп, дін дұшпандарының қолдан ұйымдастырған қол шоқпар ұйымы. Ахмадия ағымына – қасиетті Мекке мен Мадина жерлеріне зиярат етуге және қажылық жасауға тыйым салынған.

Қазіргі таңда ағым өз қозғалысы туралы ағылшын тілінде шығарылатын журналдары арқылы жариялап тұрады. Олардың орталығы Лондон қаласы, өкілдері Батыс мемлекеттерімен қатар Африка елдерінде, АҚШ-та, Үндістан, Пәкістанда да кездеседі.

ТМД-ның кейбір елдері сияқты қадиянилар тобы бізде де ресми түрде тіркеуден өтіп алған. Олар өздерін «Ахмадия тобы», «мұсылманбыз» деп таныстырады. Көбінесе өздерін кәсіпкер, саудагер, қайырымдылық қорының өкілдері ретінде көрсетеді.

Қадиянилар Құран Кәрімнің мағыналарын Лондонда орыс тіліне, басқа да бірнеше кітаптарды орыс, қазақ тілдеріне аудартқан. Бұл кітаптардың «Ахмадиялар» тарапынан жазылғанын тек мамандар ғана ажырата алады. Соңғы он жылдың ішінде Лондонда болып өткен олардың жиынына ТМД мемлекеттерінің де өкілдері қатысқан.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. «Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі». Х.Алтай, Алматы, 1991 ж
2. Мырза Ғұлам Ахмад, Барахини Ахмадия, Қадиян.
3. Әбул Хасан Али ан-Надуи, ал-Қадияни уал-Қадияния, Жидда.
4. Мухамад Юсуф, Хукму жаназатул-Қадияниин, Пакистан.
5. Арабша-орысша сөздік. Баранов, Ташкент, 1994.
6. Таха ад-Дасики Хабиши, ал-Қадияния уа масируха фит-тарих, Қайр.
8. Орысша-қазақша сөздік. Қ. Бектаев. Алматы, 2001 ж.
9. Ислам энциклопедиясы, ИСАМ. Қадияния бабы. Станбул.
10. Ғасырдағы діндер энциклопедиясы, Рияд.
12. Атиқ ар-Рахман Атиқ, Фитнатул-қадияния.
13. Абдул-жаббар Ража Махмуд, Тарихул-Тайфатул-Ахмадия мин масадириһа.
14. М.Исаұлы «Ахмадия (Қадиания) жамағаты мұсылман ба?». Мақала. Сунна.кз.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk