wrapper

Соңғы жазбалар

Салауат (жекеше түрде салат) сөзі истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды. Құранда: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!» делінген («Ахзап» сүресі, 56-аят). Мұндағы  Алла Тағаланың  «салауат» айтуы – «рақымет»,  «мейрімділік», періштелердің салауат айтуы – Алла Тағаланың кешірімін сұрау,  мүминдер тарапынан  болса «жақсы дұға тілеу» мағынасын береді. Сондай-ақ бұл аят Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салауат айтудың қаншалықты маңызды екенін айшықтап беруде. Әрі салауаттың Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үнемі айтылатынын да ескертіп тұр.                                            

Күнделікті бес уақыт намаздың ішінде салауаттың да көп қайталануы оның маңыздылығының бір дәлелі.                                                                                   

Бұл жерде Пайғамбарымызға барлығының, тіпті Жаббар Иеміздің өзі салауат айтуының сыры неде? Айтылған салауаттар қаншалықты қабыл болады? деген сұрақтар ойға оралатыны анық.                                                        

Алла рахымдылығының дәлелі ретінде адамзаттың асыл тәжі хазірет Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүниеге келтірді. Ол адам баласын азғындық пен надандықтан арылту жолында небір қиыншылықтарға тап болды. Алайда Алладан «үмбетім, үмбетім» деп, олардың білмей жасап жатқан істерінің кешірілуін сұрау арқылы, Алланың бұйрығын сабырлықпен жеткізу барысында небәрі 23 жыл ішінде адамзатты нұрға бөледі. Қараңғылықтан жарыққа шығарды. Үмбетінің ненің харам, ненің халал екенін ажыратып алуына, Жаратушыға деген шүкіршіліктің қандай болатындығын кемел түрде үлгісін көрсетті. Үмбетінің дәрежесін көтерді. Сондықтан да Расулуллаға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мыңдаған салауаттар айту арқылы шүкіршілігімізді білдіруге қарызбыз.               

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аты аталғанда  (Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд деп т.б.) салауат айтудың маңызды екенін ескерткен бірқатар хадистер де бар. Мәселен төмендегі мына хадистерде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісінің мұрны жерге сүрінсін» деп салауат айтпаған адамның қор болатынын қатаң түрде ескертсе, (Тирмизи, Даут 110) тағы бір хадисте: «Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны, маған көп салауат айтқандары» деген (Тирмизи, намаз 327). «Есімім аталған кезде маған салауат айтпаған адам нағыз сараң» деп те айтқаны бар (Тирмизи, Әбу Дәуіт 110). Әнәс ибн Мәликтен (р.а) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а.) «Уа Расулуллаһ! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз» деп сұрады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де, Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейрімінен алыстатсын» деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейрімінен алыстатсын» деді. Мен де «әмин» дедім. Кімде кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейрімінен алыс болсын» деді. Мен тағы да «әмин» дедім» деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295).  Әнастан (р.а) жеткізілген мына бір хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі», – деген.                                           

Ислам ғалымдары жоғарыда айтылған аят, хадистерге сүйене отырып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аты аталғанда бір рет салауат айтудың үкімін уәжіп, егер бірнеше рет Алла елшісінің аты аталса салауат айту мұстахаб, яғни сауапты іс деген.                                               

Жалпы Пайғамбарымызға айтылған салауат оның салауатқа мұқтаждығынан емес, сол салауат арқылы біздердің дәрежемізді Алла көтеретіндіктен және Пайғамбарымызға құрмет көрсету арқылы оның шапағатына кенелетіндіктен айтылады.                                                            

Тіпті салауат айта отырып тілеген тілектің қабыл болатыны жайлы да хадистер бар. Соның бірін Омар (р.а) былай жеткізеді. «Жасалған дұғалар, жеріне жетпестен бұрын жер мен көктің ортасында тұрады. Ол Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салауат айтқан кезде ғана жетеді» (Тирмизи 486) десе, тағы бір хадисте: Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Маған ат үстіндегі жолаушының су торсығына қарағандай қарамаңдар. Дұғаларыңның басында, ортасында және соңында менің атыма салауат жолдаңдар!» дейді (Тирмизи).                           

Бұл жердегі маңызды мәселе, адам су торсыққа шөлдеген кезде қарайтыны секілді Алла елшісінде керекті кезде ғана еске алып салауат айтпай, үнемі салауат айтып жүру керектігі жайлы ескертуінде үлкен мән жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды, Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салауат айтудың түпкі мәнін жете түсіне бермесек те исі мұсылман баласының өте маңызды істерінің бірі деп ұғынғанымыз жөн. Өйткені Құрандағы аяттың өзі Пайғамбарымызға  Жаратушы Иеміз Алла Тағала және періштелердің салауат айтатынын  ескертуі тектен тегін емес. Егер салауат жаудыру Пайғамбардың шапағатына бөленуге сеп болса, онда бұл мәселеде мейлінше ыждаһаттылық таныту қажет. Өйткені, Құранда Алла Тағала: «...Оған жақындау үшін себеп іздеңдер...» деп («Мәидә» сүресі, 35-аят) Хаққа жақындау үшін себептерге жүгінуге шақырған. Сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атына айтылатын салауат Жаратушыға бір табан жақындауымызға жол ашса, онда оны үздіксіз қайталаудан жалықпауға тиіспіз. Сондай-ақ біз Алланың хазірет  Мұхаммедке (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) нәсіп еткен биік мәртебесіне құрмет көрсету керекпіз.                                                                     

Адамзаттың мақтанышы Мұхаммедке (с.ғ.с.) арнап салауат айтып, сәлем жолдаудың артықшылығы мен сауаптылығы мол. Салауат айтқан адамның оның шапағатына бөленетіні жайлы Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген бір хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні  менің шапағатыма бөленеді» - деген.                                                      

Алла Тағаланың елшісінің шапағатына бөленуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Алтынбек Ұтысханұлы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk