wrapper

Соңғы жазбалар

Қасиетті Құранда: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және Ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі»,-делінген. (Тәубе сүресі, 18 аяттар) Мешіт ұстау дегеннен мешіттің рухани әрі материалдық жағы түсініледі.

Рухани жағына мешітте бес уақыт намаздың өз уақытында оқылуы, діни сауат ашу курсы жұмыс істеуі, қасиетті құран оқу, дұға жасау сияқты тағы басқа да діни рәсімдер жатады. Материалдық жағы мешіт салу, салынған мешіт болса, оның жылуын, жарығын көтеру, керекті заттармен оны қамтамасыз ету, садақа жасап, қолдау көрсету, таза ұстау сияқты амалдардан тұрады.

Мешіт ұстау яғни, мешітке рухани әрі материалдық қолдау көрсету шарапатты іс. Сосын мұндай адам Аллаға және ақыретке сенеді, намазын оқиды, зекет береді, Бір Алладан ғана қорқады. Сонда ғана олар тура жол табушылардан болмақ.

Имам Мүслим риуаят еткен хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға ең ұнамды жер қаладағы мешіттер»,–дейді. Хадис шәріпте: «Кім Алланың ризалығы үшін мешіт салса, Алла Тағала жаннатта оған сондай ғимарат соғып береді», дейді. Демек, мешіт салған адам және мешіт салынуға өз үлесін қосқан адам ақыретте лайық сауабын алмақ.

Мешіт – Алла Тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан оны Алла үйі деп те атайды. Сондықтан мұсылман баласы мешітке құрметпен келіп, кішіпейілділікпен «бисмилләһ, О Жаратқан, Маған рахмет есіктеріңді аша гөр!» деп дұға оқып, оң аяғымен кіру аса сауапты іс. Дәреті болса, нұр үстіне нұр. Мешіттен шығарда «О Жаратқан, жарылқай гөр!» деп айтып, сол аяғымен шығу мешіт әдептеріне жатады.

Мешітке адам баласы әр түрлі себептермен кіреді. Көбі бес уақыт намазын жамағатпен оқу үшін келсе, кейбіреулер туылған нәресте құлағына азан шақыртуға, бірі некесін қидыруға, бірі қайғысын бөлісуге, тағы бірі сауат ашу курсына қатысуға, бірі дін Ислам туралы сұрап-білуге, дәрет, намаз үйренуге, бірі батаменен ер көгереді дегендей, дұға оқытуға келсе, ал біреулер садақа беріп қайырымдылық жасау ниетімен де келеді. Келген қауымның қадамдарына Алла сауаптан жазғай. Ниеттері қабыл болғай.

Кезінде халқымыздың тәуелсіздігінен айырылуы себеп болуының кесірінен Ислам дінінің даму қарқыны біршама бәсеңдеді. Патша үкіметі де, одан кейінгі кеңес үкіметі де діннің дамып, нығаюына мүдделілік танытпады. Керісінше, Ислам дінінің ықпалын барынша шектеді. Өйткені, оларды қазақтың жері қызықтырды. Ұлт жерімен құнды. Қазақ ұлтын өзіне бағындырып, кең байтақ жерін тартып алу үшін тілі мен дінін кедергі деп білді. Өйткені, тіл халықтың ұлтын білдіретін, ал дін халықтың ақ пен қараны, жаман мен жақсыны және адал мен арамды айыра алатын ұлт екенін айқындайтын нышаны. Сондықтан, дін Ислам халқымыздың қолдауынан қашанда тыс қалмаған. Енділікте, тәуелсіз ел болдық, Аллаға шүкір. Мемлекетіміз зайырлы. Зайырлы мемлекеттер ішінде өзімізге қандас Түркия мемлекеті де біз сияқты дінді мемлекеттен бөлек деп қарайды. Бірақ, мешіттерді мемлекет қаржыландырады. Мешітте істейтін имамдар мемлекет қызметкері саналады. Еліміздің экономикасы қарқынды дамып, елу елдің қатарынан табылуды мақсат тұтқан жайымыз бар. Олай болса, алдымызда рухани жағынан да бай болсақ деген үлкен міндет тұр.

Дін насихатпен тарайды. Бүгінгі мешіт имамының ең негізгі міндеті ислам құндылықтарын халыққа жеткізу. Сондықтан, имамның үгіт-насихаты ұғынықты тілмен жан-жақты, әрі мазмұнды айтылса, тыңдаушысының жүрегіне жетіп, баурап алатыны рас. Бұған бүгінгі мешіттердегі жамағаттың аз-көптігіне қарап баға берген орынды болар. Мешітке халық көптеп келуі, намазға қалың жамағаттың қатысуы мешіт діндарларының ұжымдық қызметінің нәтижесі екенін айғақтап тұр.

Бақтыбай Бейсенбаев

elana.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk