wrapper

Соңғы жазбалар

Қазіргі уақытта дін мен салттың, міндет пен құрметтің арасында біраз түсінбеушіліктердің салдарынан қабір жөнінде əр алуан пікірлер қалыптасуда. Əр адамның қайтыс болған жақындарының алдында міндеті бар екені даусыз. Ол – қазаға ұшыраған адамның қарыздары болса қайтарып, арулап ақтық сапарға шығарып салу.

Мұны шариғатымыз да, салтымыз да міндеттейді. Қазақта ағайынның басы торқалы той мен топырақты өлімде бірігетіндігі белгілі. Сол себепті, қайтыс болған адамның өмірдегі жақындары ештеңесін аямай ақтық сапарын ұйымдастырып жатады. Осы шарада, əрине, басына қара жамылған жақындарына ақтық сапарды ұйымдастыруда белгілі бір нұсқау беру оңай емес.

Дегенмен, қазіргі кездегі əлеуметтік жағдайдың өзгеруіне, қоғамдағы адамдард ың деңгейлерінің əртүрлі болуы аталмыш мəселеде əртүрлі ұстанымдарға итермелеп отыр. Бұған азаматтарымыздың діни талаптар мен қағидаттарды толық білмеуін, өліге жасалған құрмет қай бағытта болуы керектігіне мəн бермеуін қосыңыз.

Бұрында қазақ «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп өлімді жөнелту оңай еместігін айтқан. Бірақ, қазір осы көрінісі тіптен күрделеніп барады. Өлімге аста-төк ас беру, қара мал сойып жүздеген адамдарды күту, тіпті, соңғы кездері мейрамханалар мен асханалардың қызметіне жүгіну сияқты үрдістер жаппай белең алуда. Бұған біреулердің шамасы жетсе, екіншілерінің шамасы келмей қарыздануға ұшырап жатады. Мəселеге екі жағынан қарау керек. Біріншісі, қайтыс болған адамға құрмет тұрғысынан не сауап тұрғысынан қарасақ, ол адамға жасалатын ең үлкен жақсылық, оның атынан қайыр-садақа беру, дұғада болу, ізгі істерінен ғибрат алу болса керек. Екіншісі, тірілер тұрғысынан оған деген ізгі ниеттің көріністерінің басқаша сипаты. Ол басқа біреудің өлімінен асып түсуге бəсекелесу, басқалардан даралап тұратын қорған (мазар) салу, мазардың басын əшекейлеу, бейнесін тасқа қашау т.б.

Осылардың ішінде ең күрделісі, марқұмның басын көтеру деп атап жүрген мазар салу да қазірде жарысқа айналған сияқты. Кезінде халқымыз əулие-абыздарының басына кесене салып олардың өмірлерінен ғибрат алып, халықтың алдында ұмыт болмас үшін белгі қойса, қазір бұл жаппай белең алған. Мұнда ең үлкен қасірет – құрметтің міндетке айналуы. Əрине, қайтқан адамға деген жақындарының құрметіне ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл құрмет діни талаптардың шегінен шықса керісінше сауап емес күнəға соқтыратындығын əрбір адам білуі керек. Өйткені, Құран Кəрімде Ағраф сүресінің 31-аятында: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ, ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді ұнатпайды» делінеді. Осы аят пен «Əрбір ысырап – харам, əрбір харам (күнə) тозаққа апарады» деген қағида бойынша міндеттен артық жұмсалған шығын күнə болатынын естен шығармау керек.

Бұл жерде тек қаржының ғана ысырабы емес, өлікті жерлейтін жердің өзі ысырап болып жатқандығын көруге болады. Бірнеше адамды жерлеуге болатын орынға зəулім ғимарат салу өлі үшін де, тірі үшін де пайдасы жоқ іс. Себебі, марқұмның балалары, жақындары өздерінің көзінің тірісінде оның басына барып дұға бағыштап, еске алып жүрсе де бірнеше ұрпақтан кейін ұмыт болары сөзсіз, олай болса, бұл құрметтің уақытша болып қалары белгілі. Шариғаттың рұқсаты бойынша он бес жылдай уақыттан кейін сол жерде екінші бір өлікті жерлеуге болады.

Ал қазіргідей жағдайдан кейін ол мазараттарды қирату марқұмдарға құрметсіздік саналып, дəстүрге қайшылық болып көрінеді. Себебі, осындай ысырапшылдық пен «астамшылық дəстүрге» қарсы кейбір радикалды діншілдер мазарларды қирату керек деп санап, ел арасында дүрбелең тудырып жүр. Бұл да қаталдық болар. Марқұмдардың басына тұрғызылған мазарлардың ешбір кінəсы жоқ, бар мəселе тірілердің түсінігінде. Сондықтан, діндарлықты қирату жолымен емес, түсіндіру жолымен жеткізу дұрыс болмақ. Олай болса, осы екі шектен шығушылықтың ортасын тауып марқұмға деген құрметімізді басқаша білдірсек, егер ауқатты адамдар болса жетім-жесірлерге, ғаріптерге көмектессе, баспанасыздарға баспана тұрғызып берсе немесе сол шығындарын қайырымдылыққа арнаса діни тұрғыдан да, адами тұрғыдан да қандай тиімді болмақ. Екіншіден, жағдайы төмен адамдар, басқалардан қалыспау үшін шығындалмаған болар еді.

Қазіргі кезде барлық мазарлар арнайы қоршаулармен қоршалған, оған қосымша қоршау орнату қажеттілігі жоқ. Əрі кетсе, топырағы шашылмасын деп, жақындары адасып қалмас үшін басына тас орнатып, қарапайым ғана қоршап қойса да жеткілікті болар еді. Себебі, тірілердің салған əшекейлі ғимараттарынан ішіндегі марқұмға тиер ешбір сауабы жоқ. Керісінше, өлілер – тірілерге ғибрат. Оларды зиярат ете отырып, біздің бұл дүниенің мəнін түсінуіміз, ақыреттік өмірімізді еске алуымыз, соған əзірлікте болуымыз ең басты мəселе. Ең жақсы амал – адам баласының өз қолымен көзінің тірісінде істеген жақсылықтары мен ізгі амалдары. Қайтыс болғаннан кейін істеген істердің көбі пайда бермеуі мүмкін. Сондықтан, дана халқымыз «Садақаны сау кезіңде бер» деп өсиет қалдырған. Ислам фиқһ ғалымдары қыш жəне соған ұқсас нəрселермен қабірдің топырағына қосымша көтерудің, үстіне күмбезді ғимарат салудың, көк тасына мадақтаушы немесе тағдырға наразылық білдіретін сөздерді жазудың рұқсат еместігіне бір ауыздан келіскен. Яғни, бұл нəрселерге исламда рұқсат жоқ. Алайда, қабірді жерден бірнеше қарысқа көтеру, түйенің өркеші сияқты томпақ жасау, кірпішпен тиянақтау жəне басына көк тас орнатып, марқұмның аты-жөнінің жазылуын сөкеттік саналмайды. Бірақ, қабірдің үстіне мешіт сияқты ғимарат салып, ол жерде құлшылық етуге хадисте тиым салынады. Жабир риуаятында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабірдің қышталуына, үстінеғимарат салынуына, үстіне отыруға, жазу жазуға жəне аяқпен басуға тиым салды» (Мүслим, Жазаза бабы 94-хадис).

Тіпті, Шафиғи мəзһабының көзқарасы бойынша, қабірдің жермен жексен, тегіс болғаны дұрыс. Себебі, пайғамбардың, Əбу Бəкірдің, Омардың қабірлері осылай жасалған. Ханафи мəзһабы имамдарының бірі Əбу Юсуфтың көзқарасы бойынша, үстіне мазар тұрғызу харамға жақын мəкрүһ. «Егер жалпыға тиесілі қоршау болған жағдайда харам» деген үкімдер кездеседі. Демек, жақсылық жасаймыз деп күнəға түсу қаупі де жоқ емес. Дегенмен, ысырапшылдық, алыстан мен мұндалаған биік мұнаралар, қазіргі тірілердің емес өлілердің мекеніне тəн құбылысқа айналып бара жатуы баршамызды ойландыруы керек.

Алланың алдында абыройымызды арттыратын істердің қатарына өлгендердің басына зəулім ғимарат салу кірмейді. Керісінше, соған жұмсалған қаражатты тірілердің, кедей-кепшіктердің игілігіне арнасақ Алланың алдында мақұл іс болмақ. Қорыта айтқанда, «қайырда ысырап жоқ, ысырапта қайыр жоқ» деген қағида бойынша, қайырдың не екендігін түсініп, мазарға арналып жатқан ысырапшылдықтан ақырындап тиыла бастасақ, Алланың бұйрығын орындап, адамның көңілін табарымыз сөзсіз. Бұл, өлген жақындарымызға деген ізгі ниетіміз бен құрметімізді басқаша қайырымдылық жолдарында көрсетсек құба-құп болар еді деген ниеттен туындаған ой.

Кеңшілік ТЫШХАН,

дінтанушы, философия

ғылымының кандидаты


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk