wrapper

Соңғы жазбалар

Тарихтағы илаһи діндер арасындағы алғашқы диалог немесе 622 жылы қабылданған «Мәдина қаласы келісім кітабы» туралы (жалғасы)

Мұхаммед с.ғ.а исламға дейінгі арабтардың дәстүрлі тайпалық танымын түгелімен жоққа шығаруды мұрат еткен емес. Сонымен бірге,  исламға дейінгі дәстүрлі тайпалық түсінік мұсылман құқығына мүлде қайшы емес-ті. Арабтардың қонақжайлығы мен жомарттығын әйгілейтін дәстүрлері ислам құндылықтарымен қабысатын. Сондықтан, Мұхаммед с.ғ.а  исламмен үндесетін  дәстүрлі тайпалық түсініктің сол күйінде сақталуына рұқсат берді.

Кейін мұсылман құқығының үкім беру қайнар көздеріне әдет-ғұрыптар да жатқызылды. Егер қалыптасқан әдет-ғұрып, қоғамдық-қатынастарды оң реттеп жатқан болса және бұл әдет-ғұрыптар ислам негіздеріне қайшы болмаса шариғат бұл әдет-ғұрыпты құқықтық үкім берудің қайнар-көзі ретінде қарастырды.

Азаматтық істер болып табылатын қамқорлық жасау, дос тұту, мүліктік жауапкершілік мәселелерінде дау туындаса, соңғы  шешімде Мұхаммед пайғамбар айтуы тиіс болды. Себебі, 23-баптағы «даулы мәселе» деген терминге тек қылмыс істі емес, азаматтық істі де жатқызуға болады.

Дін мәселесі.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» қамтылған мәселелердің бірі дін мәселесі еді. Мәдинада ислам діні мен иуда діні және пұтқа табынушы сенімнің өкілдерінің бір мезгілде қатар өмір сүруі бұл келсімде дін мәселесінің  орын алуына  тікелей әсер етті. Мәдинада мұсылмандар мен яһудилерге қарағанда пұтқа табынушылардың ықпалы төмен болды. Осы себептен мұсылмандар яһудилерге ғана өз діндері бойынша жүріп-тұруға рұқсат берілді. Бұл туралы 25-бапта былай баяндалады. «Авф яһудилері мұсылмандармен бір қауым болып табылады, яһудилердің діні өздеріне тән мұсылмандардың діні өздеріне тән, бұл қағида дос тұтылғандарға да тиесілі».

Бұдан  пұтқа табынушыларға өз сенімдері бойынша жүріп-тұруға тиым салынды - деген түсінік шықпауы керек. Десекте, пұтқа табынушы арабтардың кейбір өз қыздарын өздері тірідей жерге көметін әдеттеріне  күші басым  мұсылмандар жол бермеді.

Дін мәселесінің маңызды екенін көрсететін тағы бір жәйт Мәдина үшін болатын бейбіт келісімге тараптардың бірге қатысуы еді. Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы еді. Бірақ дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды.  Мұсылмандар мен яһудилер тек дін соғысы  кезінде ғана бейбіт келісім жасаудан бас  тарта алатын. Өйткені, Мәдинаға сырттан келетін қауіптің дін тұрғысынан болатыны айдан анық еді.

Тараптарға дін еркіндігі беріліп, бейбіт өмір сүру нормасы көзделгенмен, бір-бірінің діни сенімін келеке етуден діни араздық туып, соғыс болған жағдайда бейбіт өмір сүру нормасының күші жойылатындығы ескертілді. Бұл туралы 45 бапта мынандай норма қарастырылған: «Мұсылмандар тарапынан жасалатын бейбіт келісімге яһудилер шақырылған болса, олар бұл келісімге қатыса алады. Сонымен бірге яһудилерде бұндай келісім жасайтын болса, мұсылмандар бұл келісімге қатысуға құқылы. Бірақ дін соғысы кезінде бұл қағида өз күшінде болмайды».

Мұхаммед с.ғ.а 624 жылы Нәдір яһуди тайпасын Мәдинадан шығарып, сүргінге жібергенде, осы 45 баптағы құқықтық нормаға сүйенген болатын.

«Мәдина қаласы келісім кітабында» дін мәселесінде мұсылмандар басым күшке ие болды. Бұны 20-баптағы: «Дінді берік ұстанушы мұсылмандар тура жолдағылар болып табылады» - деген норма айғақтайды. Сонымен бірге, ислам дінінің  пайғамбары Мұхаммед  с.ғ.а-ның Мәдинаның саяси, әскери, азаматтық және қылмыстық істерге жетекші болуы мұсылмандардың басым күшке  ие болғандығын көрсетеді.

Түйін

Әлбетте, біздің зертеу нысанымызға айналған «Мәдина қаласы келісім кітабының» ертең өткелі отырған «Әлемдік діндер жетекшілерінің IV құрылтайына» тікелей қатысы жоқ. Дейтұрғанмен, тарихтағы илаһи діндер арасындағы ең алғашқы сұхбаттастық осы құжатта қарастырылғандықтан, сондай-ақ, Хақ Елшісі с.ғ.а-ның диалогқа қатысты ұстанымы да осы келісімде паш етілгендіктен мұсылман қауымы үшін  «Мәдина қаласы келісім кітабының» маңызы өте зор. Көріп отырғанымыздай Мұхамед с.ғ.а Ислам дінін өзге дін өкілдеріне өтімді ету мақсатында діни сұхбаттастық жасаған. Демек, діндер арасындағы диалогта да біздің көздегеніміз Хақ діннің мәртебесін асыру болуға тиісті. Осы ұстанымға берік болсақ, діндер арасындағы сұхбаттастықтың бізге берері көп болмақ. Лайым, солай болсын тілейік!

Мұхан ИСАХАН


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk