wrapper

Соңғы жазбалар

Ата-бабаларымыз бес парыздың бірі ораза айын асыға күтіп, «бір келген он екі айда рамазан» деп жырға қосып, сағынышпен қарсы алатын болған. Ораза мұсылманға үкім етілген қасиетті бес парыздың бірі. Сондықтан адам баласы оны орындау міндет болып есептеледі.

Абай атамыз: «Руза қажы зекет, талассыз іс» деп оразаның нақтылығын айтып кеткен.

Алла Елшісі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның ғажайып құндылықтары жайлы көптеген хадистер қалдырған.

Алла Елшісі (с.ғ.с) Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген басқа бір хадисте (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмбетіме Рамазан айында бұрын-соңды өзге қауымдарға берілмеген бес ерекше сый тарту етілді» деп аманат етіп, оразаның зор сауабын арқау еткен.

Мұсылмандар үшін қасиетті рамазан айы ерекше сауапқа толы ай. Бұл айда адам баласы жақсылық жаусауға, Алла Тағалаға жақсы амалдармен жақындауға болатын қолайлы мүмкіндіктерге толы уақыт. Рамазан айында мейілінше мұқтаждарға көмектесіп, Алла Тағалаға жақындап құлшылық жасап, иманды арттыру керек. Демек қасиетті айда әр адам ораза ұстаумен ғана шектеліп қалмай, игі амалдар жасауымыз керек. Ұлы Жаратушы әрбір мұқтажға көмек қолын созған жандарға мейлінше сауаптар беретіндігі айтылған.

Рамазан – сабырлық айы, ал, сабыр үшін берілетін сый – Жәннат! Қасиетті Рамазан айының бірінші бөлігі — Алланың рақымы, ортасы‒Алланың кешірімі, ал, соңғы бөлігі — Тозақтан азат болу. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары былай деген: Рамазан айында ауыз аштыруда мол сауап бар. Бұл туралы хадистерде тағылым келтірілген.

Мысалы: "Уа, Алла Елшісі! Біздің ешбіріміздің өзге біреудің аузын аштыруға жетерліктей асымыз жоқ». Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза ұстаған адамға аузын ашуы үшін (ең болмаса) бір құрма немесе су яки аз ғана сүт берген адамға сауап жазылады дегені" айтылады. Демек, ораза ұстаған адамдарға құрметпен қарап, оларға ауыз аштыру арқылы исламға деген құрмет деп есептелген.

Ораза туралы  Әбу Хұрайраның (р.а.) риуаят етуінше, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Жаңа туған айды көргенде, ораза ұстаңдар, ал жаңа туған келесі айды көргенде, ораза ұстауды доғарыңдар». Демек, оразаның басталғандығын нақты айдың көрінуімен бекіткен.

(Бұхари, Саум 11; Мүслим, Сиям 4.)

Ораза кезінде кейде адамдар сәресін ішпей немесе сәресін ішуге үлгермей жатады. Шын мағынасында сәресін ішудің өзінде мол тағылым бар. Әнәстің (р.а.) риуаят етуінше, Алла елшісі: (с.ғ.с) «Сәресіні ішіңдер, өйткені, сәресі уақытында ішілген аста береке бар» деп аманат еткен.

(Бұхари, Саум 20; Мүслим, Сиям 45.)

Мынандай жағдайда ораза бұзылады. Бұған оразаны бiле тұра әдейi бiр нәрсенi iшiп-жеу, жыныстық қатынас жасау, әдейiлеп құсу жатады. Егер адам ораза ұстап жүргенiн ұмытып кетiп, аузына ас салса одан ораза бұзылмайды. Табиғат құбылыстары түтiн, шаң, қар түйiршiктерi мен жаңбыр тамшылары сияқты басқа да жеуге жарамайтын нәрселер байқаусызда аузына түсіп кетсе ораза бұзылмағанға саналады. Ал ауаға тез таралып кететiн нәрселердi ерiксiз иiске, көзге сүрме жағу (макияж), қош иiстi гүл мен әтiрлердi иiскеу де (әдейілеп құшырлана иіскеуге болмайды) оразаға еш зияны жоқ.

Сонымен қатар қан алдыру, сүлiк салдыру, тiс жұлдыру (ауыздағы қан немесе дәрi тамақтан өтiп кетпеуi тиiс), құлаққа және көзге дәрi тамызу, құлаққа су кiру де зиянын тигізбейді.

Егерде мұрынға дәрi тамызса, ораза бұзылып, қазасы өтеледi. Сонымен қатар әйелдер ораза ұстар кезде хайыз бен нифастан таза болуы шарт. Олай болмаған жағдайда ғұсыл дәретiн алғаннан кейiн ораза жалғастырылып, кейiн хайыз болған күндердiң қазасы өтелуі керек.

Оразаның тағылымы мен сауабы мол құлшылық. Сондықтан шынайы ниетпен, жүрекпен қабылдау қажет.

Дәулет Қабидолдин

Шығыс Қазақстан облыстық

«Халифа Алтай» мешітінің

наиб имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk