wrapper

Соңғы жазбалар

Ислам діні бойынша әрбір айдың өзіндік қадір қасиеті бар. Ережеп айының да өзіне тән бірқатар ерекшеліктері бар. Бұл ай биыл 8-наурызда, яғни қасиетті жұма күні басталады. Құранда: «Расында Алла қасында көктер мен жерді жаратқаннан бері Алланың кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі – қасиетті айлар»-делінген. Осылайша, Құранда он екі ай аталып, оның төртеуі қасиетті айлар екендігі ескертілген.

Әнас (р.а.) егер де Пайғамбарымыздан (ﷺ) естімесем екі құлағым керең болсын деп мына хадисті жеткізген: «Құрметті ай төртеу, тандаулы періштелер төртеу, ең абзал кітап төртеу, дәреттің парызы төртеу, тәсбихтың жақсысы төртеу, есеппен санау төртеу: «бір-бірлеп, он-ондап, жүз-жүздеп, мың-мыңдап», уақыт мөлшері төртеу: «сағат, күн, ай, жыл», жыл мезгілдері төртеу: «көктем, жаз, күз, қыс», ауа райы төртеу: «ыстық, суық, құрғақ, ылғалды», әділетті халифалар төртеу: «Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.), Осман (р.а.), Әли (р.а.)». Ал, қазақтың «төрт құбылаң тең болсын», «төрт көзі түгел» деген тіркестері де тегін айтылмаса керек.

Осы төрт құрметті айдың бірі - Ережеп айы. Қасиетті Ережеп айында әрбір мұсылман дұға, ғибадатын күшейтіп, Жаратушы Иемізді ұлықтап, пәктеуді ұмытпаған жөн. «Ережеп» сөзі араб тіліндегі «ражаба» сөзінен аударғанда «ұлықтау, мадақтау» деген мағыналарды білдіреді. Бұл айда тәубе етушілерге Алланың рахметі мен мейірімі ерекше мол төгіледі.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол – Ережеп деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса Алла Тағала сол өзеннен су ішкізеді» - деген. Сондай-ақ тағы бір хадисінде: «Ережеп - Алланың айы, Шағбан - менің айым, Рамазан - үмметімнің айы» - деген. Ережеп - мағфират айы, адамдардың күнәлары кешірілетін ай. Сол себепті ол Алла Тағаланың айы болып саналады. Ал, Шағбан - шапағат айы, бұл айда барат кеші, ғибадат түні бар. Сол себепті ол ай Пайғамбарымыздың айы. Рамазан - тозақтан құтылатын, ғитқу минаннар яғни күнәдан тазарып, құлшылық ететін ай. Сол себепті Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) оны үмбетімнің айы деген. Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, босқа өткізіп алмай, Алланы көбірек еске алып, біліп-білмей істеген қателеріміз үшін кешірім сұрап, тәубеге келіп, Құран оқып, садақа беріп, ілім үйренумен өткізгеніміз жөн.

Иә, Ережеп, Шағбан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі рамазанға дайындық жасаған боламыз. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы Рағайып түні болса, жиырма жетінші түні миғраж сапарына дөп келеді. Миғраж түні Алла қаласа мамыр айының 3-іне, сейсенбіге келеді. Миғраж, сенімді деректерге қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый - намазды әкелген еді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер қайырлы үмметсіңдер. Сендерге деген Алланың барлық жақсылықтары бар. Бес уақыт намаздың өзі - Миғраж. Мен Алланың алдында өмірімде бір рет болдым, миғражда. Сендер Алланың алдында күніне бес рет боласыңдар» - деген. Әрине бес уақыт намазбен.

Пайғамбарымызға (ﷺ) «Жәбірейіл періште айтты: – Я Мұхаммед (ﷺ), сенің үмметіңнен болған бес түрлі кісінің жан тапсырар уақыты келгенде Алла Тағала: Менің бұл сүйікті құлдарымның жанын қинамаңдар. Жәннаттың қай есігінен кірем десе кірсін» - деп әмір етер. Жәннат періштелері бұл кісіге құрмет көрсетіп, «мархаба» деп тұрар және рухтары әнбие әулиелермен бір болар». Бұл хадисті естіген хазреті Омар (р.а.) шыдамастан орнынан тұрып: «Я, Расулулла! Бұл бес түрлі адамдар кімдер?» - деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, Омар! Бұл бес түрлі адамдардың өздері істеп жүрген тағат-ғибадаттары бар. Оны істеген адамдар сол қауымнан болады: 1.Ережеп айы келгенде нәпіл ораза ұстап құлшылық етуші адам. 2.Алла жолында Отан үшін, дін үшін деп өлген кәміл шахид. 3. Жұма намазын қалдырмаушылар. 4.Насихатшы ғалымдар. 5. Алла Тағаланың дидарына ғашық болған тақуалар» - деді.

Сәубән (р.а.) мына бір оқиғаны жеткізген: Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге кетіп бара жатыр едік. Жолымызда қабірлер болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір кезде қабірлерге қарап, көзіне жас алды. Содан соң маған қарап: «Ей Сәубән, мына қабірдегі жатқан адамдарды қабір азабынан құтқаруды тілеп Алла Тағаладан дұға еттім. Егер де бұлар Ережеп айында бір күн ораза ұстаса немесе құлшылық етсе, яки осы айда дүниеден өтсе,онда бұларға қабір азабы болмас еді» - деді. Сонда мен: «Я, Расулалла! Ережеп айының бір күнгі оразасы қабір азабынан құтылуға кәффәрат болады ма?» - деп сұрадым. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Әр мұсылман ең болмаса ережеп айында бір күн нәпіл ораза ұстаса, ғибадат етіп, құлшылық жасаса немесе осы айда бұл дүниеден озса, Алла Тағала ол кісінің амал кітабына бір жылғы ғибадаттың сауабын жазар» - деген.

Ережеп айының қасиеті туралы Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадистерінен артық анық түсінік бола қоймас. Ережеп оразасы басқа нәпіл оразалардың ішіндегі ең сауабы үлкен ораза болып саналатынын естен шығармайық. Бұрындары аталарымыз басында, ортасында, соңында деп үш күннен ұстаған оразалар осы ережеп оразасы. Үш күннен бөліп ораза ұстаудың мүмкіндігі дәл қазір яғни ережеп айына келіп тұр. Осындай сауапқа толы шексіз ғибадатты қастерлеп үш күннен бөліп ұстап бір ай толық ұстаған сауапты амалға асығайық.

Бұқар жырау ауданы мешітінің бас имамы

Аманбол қажы Рымқұлұлы

Ihsan.kz


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk