wrapper

Соңғы жазбалар

Жас кезінен дұрыс,әсем сөйлеуге дағдылану адам бойындағы ізгі қасиеттердің бірі. Мұсылман жұртшылығы бұған үлкен жауапкершілікпен қараған. Қасиетті Құранда: «Расында да, сендерді қорғаушылар бар. Мәртебелі жазушылар.   Не   істегендеріңді   бүкпесіз   біліп   тұрады»  деп, адамның әр қылығын, сонымен бірге аузынан шыққан әр сөзді жазып алып тұратын екі періштесі болатындығын ескертуде.

Сүйікті   пайғамбарымыз   Мұхаммедтің   (саллаллаһу   алайһи уә   сәлләм)   өміріне   көз   салсақ,   сөз   сөйлеуге   аса   бір   байыппен   қарағанын   көреміз.   Айша   анамыздың   (р.а.)   айтуынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөз сөйлегенде асықпай-аптықпай баппен сөйлеген. Қажет кезінде  ұғынықты  болу үшін  айтқан сөзін үш рет  қайталаудан  жалықпаған . Сөздері     мірдің     оғындай     өткір     әрі     даналыққа     толы болғандықтан, естіген жанға қатты әсер еткен. Оны бір тыңдаған жан тағы да тыңдауға құмартқан. Тілі таза әрі шұрайлы, анық және  түсінікті болған. Бұны бір хадисінде «Арабтардың ішіндегі ең таза, шешен сөйлейтіні менмін» деп білдірген, «Өйткені, Алла тағала маған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта білетін ерекше қасиет дарытқан» деп түсіндіретін.

Алла елшісінің даусы зор, бірақ жағымды  болған. Аузынан ешқашан жаман сөз шықпаған. Жаймашуақ не ашулы кезінде де сөздің әділін ғана айтатын. Айтқан сөзінің артығы не кемі  болмайтын. Өте анық  айтатындықтан әрі сөздерінің расында бір мезет кідіретіндіктен, тыңдап отырған кісілер сөздерін тез жаттап алатын. Өзіне ұнамсыз бір жайтты сездіргісі келгенде, оны астарлап жеткізетін. Өзі тоқтағанда барып қасындағылар кезекпен сөз алатын.

Үнемі сахабаларына күлімсіреп қарап, олардың да сөйлегенін ұнатып, мұқият құлақ салатын. Өзін солардың қатарында санайтын. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөз сөйлеген кезін сахабалар: «Біз   пайғамбарымыз   сөйлей   бастағанда,   басымызда   құс қонақтап отырғандай, соны ұшырып алмайық дегендей аса бір сақтықпен құлақ салып тыңдайтынбыз» , - деп еске алады. Пайғамбарымыз   (с.ғ.с.)   мұсылман   адамның   не   нәрсеге қараса да, ғибратпен қарағанын, үндемеген кездерінде Алланың құдіретін ойлап терең ойға берілуін, ал сөйлеген кезінде мәнді-мағыналы сөз айтуын қалаған. Өсек, өтірік, шағыстыру, ғайбат секілді көп күнәнің тілде жатқанын ұқтырып: «Адам баласы көп күнәні тілінен табады» деп ескерткен. Айша анамыз (р.а.) бір әйелдің бойының қысқалығын айтып алғанында, «Қой, ғайбат айтпа. Әлгі сөзіңді теңізге тастаса, тұтас былғап жібергендей екен» деп сол мезет тыйған болатын.

Әркез мұсылман адамның тілге өте абай болу керектігін сездіріп. «Шын мұсылман - тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам», - дейтін. Бос сөзбен уақыт өткізуді ұнатпай: «Мұсылман адамның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі - бос сөзден арылуы» , «Кімде кім Аллаға, сондай-ақ ақырет күнінің растығына сендім десе, сөйлегенде мәнді нәрсе айтсын, әйтпесе үндемесін» дейтін. Өзі сөйлеуге қажеттілік тумаса, үндемегенді жөн көретін: «Үндемеуде үлкен даналық бар, әттең оның байыбына баратындар бірақ өте аз» деп қынжылатын. Үш кісі отырғанда екі кісінің өзара күбірлесіп сөйлескенін дұрыс көрмейтін. Өйткені, бұл үшінші кісінің көңіліне келуі мүмкін деп түсіндіретін.

«Сиырдың   шөп       күйсегеніндей       етіп, көбікезуленіп сөйлейтіндерді   Алла   тағала   ұнатпайды»   деп   мейлінше ұғынықты әрі анық сөйлеуге шақыратын. Қандайда бір көпшіліктің арасында сөз сөйлеудің жолы әуелі жасы үлкен кісіге тән екендігін білдіретін. Бірде көпшіліктен сұралған оқиғаны сол жердегі жасы ең кіші Абдуррахман ибн Сәхл бірінші болып айтуға оқталғанда, «Сөзді жасы үлкенге бере ғой» деп еді. «Өзіне (тікелей) қатысы жоқ нәрселерге көңіл бөлмеуі - кісінің жақсы мұсылмандығын байқатады» деп, өзіне қатысы жоқ әңгімені тыңдауға құмартпауға баулитын. Насихат   сұрап   келген   адамға:   «Ертең   жерге   қаратып, кешірім сұрауға мәжбүр ететін сөзді айтпа» деп, жан-жақты ойланып барып сөйлеу керектігін меңзеген. Сахабалардан Осман ибн Мазун қайтыс болғанда, әйелінің «Жәннәтың құтты болсын, Османым» дегенін құлағы шалып қалғанда, «Мен пайғамбар бола тұра, Османның Жәннатқа баратынын біле алмаймын. Сіз қалай білесіз?!»  деп, ойланбай сөйлей салудан тыйғаны белгілі. «Мен   мына   істі   ертең   істеймін   демеңдер,   «Құдай қаласа»   деп   қана   айтыңдар» деген   аятын   түсіндіріп, сөз сөйлегенде мұсылмандық әдеппен «Құдай бұйырса» деп айтуға дағдыландыратын. Өйткені, Алла қаламайынша ешбір істің орындалмайтыны белгілі.

Пайғамбарымыз сөз сөйлеуге осыншалықты жауаптылықпен қарағандықтан, сахабалар да бұған қатты көңіл бөлетін болды. Сөз сөйлеудің үлкен нығмет екенін, аузынан шыққан әр сөзге ертең о дүниеде есепке тартылатындығын білгендіктен бос сөз, бөстекі әңгімелерге салынбауға тырысты. Осы ұстаным келе-келе Әбу Бәкір (р.а.) сынды тақуалығы биік заңғар тұлғалардың «Алла разылығы үшін айтылмаған сөзде қайыр жоқ, Алла разылығы үшін жұмсалмаған байлықта қайыр жоқ» деп ой қорытуына себеп болды. Әли   (р.а.):   «Жүрек   таза   болғанда   ғана   тілден   оңды   сөз шығады» деп, сөздегі дұрыстық - жүректегі иманға, тілдегі зікір - ойдағы пікірге байланысты екенін меңзеген. Кісі жайшылықта нені көп ойласа, айтатыны да сол болатындығын тұспалдаған. «Кім маған екі ұрты мен екі санының арасындағы мүшелеріне ие бола алатындығына кепілдік берсе, мен оның Жәннатқа баратынына кепілдік беремін» дегенде де, адамды байқамастан ең көп күнәға итермелейтін қылық зинақорлық пен тілден келетін кесел екеніне көңіл аудартқан.

Естір құлаққа жағымды сөз айтудың садақаға, сауапты амалға жататындығын жиі айтатын. Сүлеймен пайғамбар бірде «Құдай қаласа»   деп айтпағандықтан,   бір   ісі   орындалмаған   екен .   Осыны   әңгімелеп   әрі Құранның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алланы еске салмайтын сөздерге көп үйір болмаңдар. Зікірден тыс сөздер жүректі қатайтады. Алладан ең алыс адамдар-жүрегі қатты адамдар екені даусыз» деген хадисінде де терең мазмұн жатқаны анық. Сөз сөйлей білудің мәдениеті кең. Оған басқаларды тыңдай білу де жатады. Өйткені, «сөздің жартысы - айтушынікі болса, жартысы - тыңдаушыныкі» деген бар. Бұл турасында Әбу Бәкір (р.а.): «Сені тоқтатқанша сөйлегеніңнен гөрі - сені сөйлеткенше үндемей отыруың әлдеқайда артық» деген екен. Сөз сөйлеу мәдениетінің ауқымы кең. Айталық, өзіне қызық болғанмен өзгелерге қызықсыз тақырыпты сөз етіп отырып алу да сөйлеуші мәдениетінің төмендігін аңғартады. Сол себепті баршаға ортақ тақырып таңдай білген дұрыс.

Отырғандардың деңгейімен санасу, бәріне түсінікті тілмен жеткізе білу де өте маңызды. Ғалым кісімен әңгімелесу білімі жоқ адаммен әңгімелескендей болмасы анық. Бұған қоса, жүрекпен айтылған сөздің ғана жүректерге жететінін ескерудің мәні зор. Кейбір бір сарынды, тым селқос баяндаған әңгімелер қанша мағыналы болса да, бояуы қашып көңілді селт еткізбесі белгілі. Көп сөйлеу емес дөп сөйлеу ғана ақылдылыққа жатады. Қысқа қайырып, тоқетерін ғана айту мұсылманға жарасымды әдет.

Тыңдарманға   пайдасы   тиетін,   ойлы   көңілден   туған   сөзді ғана айтуға дағдыланған дұрыс. Тыңдармандар бөлген уақытына өкінбеуі тиіс. Өзгелерде «Қап, осы уақытымды одан да басқа бір   пайдалы   іске   жұмсасамшы»   деген   өкініш   тудырмау   керек. Өйткені, біреудің уақытын алудың да сұрауы бар. Өнегелі, мазмұнды сөз айту турасында Жетес шешен былай деген:

«Адамның сәні - өнер, білім, ақылы,

Жердің сәні - жеміс, өнім, дақылы,

Сөздің сәні - өнегелі нақылы.

Пікірдің сәні - ойландырар мақұлы!».

Кереңге айтып тұрғандай қатты дауыстап не мылқауға айтып тұрғандай тым сыбырлап сөйлеу де мұсылманға жараспайды.   Сондай-ақ   тыңдарманның   сөз   тыңдауға   қаншалықты құлықтылығын сезе білу де аса қажет. Неге десеңіз, құлықсыз я сөз түсінбейтін адамға әңгіме айту далаға айтылған сөзбен тең.

Қанша ақылды сөз болғанмен, оны қадірін ұққанға айту керек.

Бұл туралы айтқан Абай атамыздың сөзі қандай мағыналы:

«Уәзінге өлшеп тізілген..

Қайран тіл, қайран сөз,

Наданға қадірсіз...».

Бар   салт-санасы   исламға   негізделген   қазақ   халқы   -   сөз құдіретін жете түсініп, сөзге үлкен мән бергендіктен ел ішінде ауыз әдебиетін, айтыс, терме, жыр, дастан, шешендік өнерді қатты дамытқан. От тілді, орақ ауызды сөз дүлділдеріне қай кезде де зор құрметпен қараған. Сөзге қатысты мәнді мақал-мәтелдерді де көп айтқан: «Сүйкімді сөз сүйек балқытар»; «Тілден бал да тамады, зәр де тамады»; «Оттың шаласынан сөздің шаласы жаман»; «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады»; «Ұялмас бет- ке талмас жақ бітеді»; «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Көз жетпеген жерге сөз жетеді» т.б.

Исламдағы сөз сөйлеу әдебіне бұдан басқа да: үлкен кісінің сөзін бөлмеу, біреуден естігенді біреуге жеткізбеу, сыр сақтай білу, әуелі амандаспай тұрып сөз бастамау, дөрекі сөйлемеу, тілді балағат сөздерге үйретпеу, ешкімнің көңіліне жара салмау, сыпайы сөйлеу, өзің жақсы білмейтін жайтты сөз етпеу, айтқан уәдеңде тұру, өтіріктен аулақ болу т.б. жатады. Қорыта келгенде, адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білуге көңіл бөлудің орны ерекше. Өйткені, ол - адамның ішкі жан дүниесінің айнасы. Жүрек тазалығы мен ой тұнықтығының, мәдениеттілік пен кісіліктің белгісі, арабтарша айтқанда «ақылдың таразысы». Иә, атам қазақ «Кісіні аузындағы сөзінен таны» деп бекер айтпаған.

Құдайберді Бағашар

дінтанушы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk