wrapper

Соңғы жазбалар

«Базарға қарап тұрсам әркім барар..» деп ұлы Абай атамыз айтқандай сауда-саттықтың адамзат өміріндегі орны ерекше екендігі белгілі. «Сауда сақал сипағанша» деп, ата-бабаларымыз сауданың соншалықты бір сөзділікті қажет ететіндігін айтып кеткен.

 «Арзан болса, алушыдан ынсап кетеді, қымбат болса, сатушыдан ынсап кетеді» деп бабаларымыз алушы мен сатушыны ардан аттамауға шақырған.

 Асыл дінімізде саудаға қатысты көптеген ғибратты мысалдар жетерлік.

Сауда жайлы Алла Тағала Құранның «Бақара» сүресінің 275-аятында: «Алла сауданы халал, өсімді харам етті» деп, өсімқорлыққа барынша тыйым салғандығын көрсетеді.

 Сонымен қатар: «Ниса» сүресі, 29-аятында «Ей, иман еткендер! Малдарыңды араларыңда хақсыз жолмен жемеңдер. Егер ол табысыңыз әрбіріңіздің ризашылығымен болған сауда заты болса да» деп ескертеді.

 Сауда-саттық туралы Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өз хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегінен артық хайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, өз қолымен тапқанын жеген» (Бұхари, Бую-15) деп, тек адал еңбектің маңыздылығына тоқталған.

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз заманында саудамен айналысқандығы белгілі. Алла елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сауда кәсібі жайында: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда», – дейді.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) сауданың берекеті  туралы осылайша байлам жасаған. Бұл құнды толғам күні бүгінге дейін ескірген жоқ. Қоғам дамыған сайын сауданың маңыздылығы арта түсуде.

Саудадағы адалдық туралы Алла Елшісі: (с.ғ.с.)«Ең таза және адал табыс-сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жаса-майды. Уәде берсе, уәделерінен тай-майды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде тауарды орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды» (Мунзири, әт-Тарғиб уәт-тарһиб, ІІ, 586), – деп, адал саудагерлер жайлы өз бағасын береді.

 Осы өсиеттерге қарап отырып, адал сауданың негізі өзегі адалдықта екендігін білуге болады. Адал табыс пен адал еңбекте ғана берекет бар екендігін ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиет еткен .

 Сауда-саттық барынша дамыған бүгінгі заманда бұл өсиеттердің орны ерекше.

 Сондықтан сауда сатушылар өсімнен немесе саудадағы алаяқтықтан барынша аулақ болуды есте ұстауы  керек.

Мирас Көкебаев

Шығыс Қазақстан облысы

Зырян ауданының бас имамы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk