wrapper

Соңғы жазбалар

Олар аяқ-қолы жоқ болғанымен «жоқ» демейді. Олардың тіпті күйініп отыратын уақыты жоқ. Олардың тіршілігі қайнап жатыр. Олар аяқпен жүрмегенмен тоқтап қалмаған адамдар. Күләштің екі аяғы, отағасы Бақытбектің екі аяғы мен сол қолы жоқ. Бірақ айтып отырмыз ғой, өмірде «жоқ» деген сөзді айтпайды. Бақытбек - таксиші, Күләш - тігінші. Көздерінің жарығы, өмірлерінің мәні - Жансая мейірімді мұғалім болса деп армандайды. Шарипа Сақтапова барып, сөйлескен.

Бақытбек СЕИТБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көбісіне мүгедек екенімізді білмей кетеміз кейде. Іс істеп, тірлік қылып жатқан соң ба, білмеймін. Келіншегімнің де кәсібі бар, өзімнің де кәсібім бар ғой былай. Жолаушылар тасымалдаймын, күнделікті, әйтеуір, тиын-тебенімнен құр қалмайын деп, несібемнен қалмайын деп күнделікті таксиде жолаушыларды тасымалдап, сол күнде жүргесін бе, онша білінбейді, мүгедек екенің.

Бұл отбасының тарихы қалған жұптардікіне мүлдем ұқсамайды. Ғашық болып, сезімге беріліп, романтикалық серуендер ұйымдастырып, дүркіреген той жасалмады. Бақытбек пен Күләштің тағдырындағы әуен басқаша шырқалған-ды. Екеуі де мүмкіндігі шектеулі азамат. Күләштың екі аяғы, отағасының екі аяғына қоса сол қолы жоқ. Пойыз жолда болған оқиға... Оларды 18 жыл бұрын екі жақтың туыстары таныстырған. Түсіністі, қосылды. Басында қатты қиналғандары рас. Бірақ ешкімге ешқашан алақан жайған емес. Бақытбек таксиші болып жолаушы тасиды. Күләш құрақ көрпе тігіп, балалар киімін тоқиды.

Бақытбек СЕИТБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Семья құрғаннан кейін тірлік ету керек қой адам. Талпынбаса қалай болады? Мүгедек болсақ та, мысалы, өзімізге лайықты тірлігіміз бар. Тәуба дейсің де соған. Мүмкіншілік былайыншағ сау адамға көп. 

Көздерінің жарығы, өмірлерінің мәні, қолқанаттары - Жансая өмірге келгенде шексіз бақытқа бөленді. Онымен қоса жауапкершілік арқалағандарын да түсінді. Сабырлы, иманды, ибалы қыз қылып өсіруге барларын салды. Қазір гуманитарлық колледждің үздігі Жансая білімін әрі қарай шыңдауды көздеп отыр. Бақытбек пен Күләш бір түйір жұбаныштары білімді де, мейірімді мұғалім болып, елдің сыйлы азаматтарының қатарында аталса деп армандайды.

Күләш ТЛЕУОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бар қуанышымыз, бар болашағымыз – қызымыз. Соған жақсы тәрбие беріп, сүйікті мамандығын алып, оқып, ел азаматы болса, сүйікті.

Күләш «ыдыс-аяқ сылдырлаған емес» деп өтірік айтпайды. Бірақ кезінде құрастырған «бір бүтіндікті» сақтаудан шаршаған емес.

Күләш ТЛЕУОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ұрыс-керіс болмайды деп айта алмаймын, ұрыс-керіс болады. Бірақ әйтеуір түбінде семья болғаннан кейін сабырлық сақтап. Менің өзіме тиісті жұмысты өзім атқарамын, ол кісі өзінің жұмысын өзі атқарады. Шыдамдылық болса, бір-біріне сыйластық болса, бәрі жақсы болады деймін.

Біреу тойып, біреу тоңып секіреді деген Бақытбек өздеріне Жаратқанның нұры жауып, мейірімді азаматтар қарасқанын тебіріне айтады. Ауылдағы үйлерін сатып, бар қаражаты Қызылордадан кішкентай лашық алуға ғана жеткен отбасына бірнеше жыл бұрын бір азаматтар хабарласып, осы еңселі үйді сыйға тартады. Сыйға тартқанда, Бақытбек пен Күләштің қалыптарын ескеріп үйді арнайы салдырған. Оған қоса лақсасы шыққан «Жигулиді» көріп, су жаңа замануи көлік алып береді. Мұндай қайырымдылықты көрген қайсар жандар одан әрі жігерлене түсті.

Бақытбек СЕИТБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жақсы көлік, қазіргі заманғы иномарка сыйлады, бес бөлмелі осындай баспана сыйлады. Біздің жағдайымызды ескеріп, қиналмасын, тарықпасын деді ме... Сол қайырымды азаматтарға алғысым шексіз. Күтпеген жерден болды енді.

Олар аяқ-қолы жоқ болғанымен «жоқ» демейді. Олардың тіпті күйініп отыратын уақыты жоқ. Олардың тіршілігі қайнап жатыр. Олар аяқпен жүрмегенмен тоқтап қалмаған адамдар.

Бақытбек СЕИТБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Арманым, осы қыз жақсы бітіріп, одан әрі институтын бітіріп, жақсы педагог, ұстаз болып, жас ұрпақты тәрбиелеп, білім берсе екен деймін да. Келешек жақсы азаматқа тұрмысқа шығып, біз немерелі болсақ деп тілеймін...

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт»

https://astanatv.kz/kz/news/47431/?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.com


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk