wrapper

Соңғы жазбалар

Құрметті   бауырлар!   Ислам   -   тазалыққа   негізделген   дін. Тарихқа қарасақ, еуропалықтар ХІХ ғасырда ғана қолға алған тазалыққа мұсылмандар VІІ ғасырдың өзінде-ақ қатты көңіл бөле бастағанын көреміз. Патша сарайларының өзінде еуропада монша жоқ кезде шығыста бұған барлық жағдай жасалып, тазалықтың күнделікті әдетке айналғаны баршаға мәлім. Тіпті сабынның өзін мұсылмандар ойлап тапқанын былай қойғанда, Ибн Сина, Рази, Абдулқахир және Сахир ибн Насруллаһ сынды ғалымдар тазалық пен   денсаулық   тұрғысынан   моншаның   қаншалықты   пайдалы екендігін зерттеп те үлгірген. 1600   жылдары   шығыс   Испанияның   инквизиция   сотында   испандықтардың   мұсылман   я   христианы   екені   денесінің тазалығына қарап ажыратылған. Саяхаттап келген шетелдіктер мұсылман елдеріндегі тазалыққа таң қалатын болған.

Исламда   тіпті   алғашқы   түскен   бұйрықтардың   өзі   хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с) «Әй,   бүркенген   жан!   Тұр,   халыққа   ескерт.   Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста» 679 деп тазалыққа шақырғаны белгілі. Пайғамбарымыз   (с.ғ.с.)   тазалық  мәселесіне   айрықша   ден қойып, «Тазалық - иманның жартысы»,- деп мұсылмандарды тазалыққа жіті мән беруге шақырған. Ол дәрет алған сайын әрі тамақтанардан бұрын және кейін де қолын жуатын еді. «Тамақтың берекеті - тамақтың алдында және тамақтан кейін   қол   жуу»,-   деп   сахабаларына   ескертетін.   Сондай-ақ, «Ешкім ұйқыдан тұра салысымен қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпестен, алдымен қолын жусын. Түнімен қолын қайда ұстағанын білмейді ғой»,- деген хадистің тазалық үшін мәні жоғары. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тіс тазалау мәселесіне де қатты көңіл бөлген. Әр намаздың алдында, мисуакпен тіс тазалағанын ескерсек, күнін ең кемі бес рет тіс тазалап тұрғанын көреміз. Бұдан басқа сәске, түнгі намаздарынан соң, сондай-ақ тамақтан кейінгі уақыттарды да қоссаңыз, тіс дәрігерлерінің өзінен де жиі тіс тазалағанына куә боламыз. Дәл осындай тазалықты міндеттесе, үмбеті ауырсынатындығын ойлап, «Үмбетіме   ауыр   соғады-ау   деп   тартынбағанымда,   әр намаздың алдында мисуәк қолдануын міндеттер едім»,- дегені бар

Ауыз   тазалығына   көңіл   бөлгені   сонша,   жағымсыз   иіс шығаратын пияз бен сарымсақ жеуден де тартынатын. Өйткені, мұншалықты таза болмаса, Оған періштелер жақындай алмас еді. Осыны меңзеп, «Сіздер жеңіздер, менің жемеу себебім - маған періште келетіндігінде» деп түсіндіретін. Тіс   тазалығын   сақтамайтындарға   кейіп   «Менің   қасыма сарғайған тіспен, жағымсыз иіспен келмеңіздер» дейтін.

Кей   уақыттарда   тырнағы   өсіп   кеткендерге   де   ренжитін. Сондай   кейіппен   қасына   келіп   дін   жайын   сұрағандар   турасында   «Сіздерден   маған   біреу   келіп,   көктен   хабар   сұрайды. Қараймын, тырнақтары өсіп кеткен, онысы кірге толы» деп бұндай ластықты ұнатпайтындығын білдіретін. Бір жолы хазірет Әлиге де: «Ей, Әли, өсіп кеткен тырнақтарыңды ал. Ішінде зиянды нәрселер болады»  деген де еді. Уахи арқылы көп жайтқа қанық болып отыратын Пайғамбарымыз тырнақ ішінде микроб жүретінін халыққа сол дәуірде тек осылай ғана түсіндіре алған. Бірде көмек сұрап келген әйелге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше ешкі беріп тұрып былай деген: «Балаларыңызға айтыңыз, сауғанда ешкілердің жанын қинамау әрі желінін қанатпау үшін тырнақтарын алсын» .

Бірде  сақал-шашы  ұйысқан кір-қожалақ бір кісіні көргенде «Мына   кісі   басын   жуатындай   су,   шашын   басатындай   май таппаған ба?» деп ренжіп еді.  Бұған қоса «Кімнің шашы болса жақсы күтсін» дегені де мәлім. Бұдан Пайғамбарымыздың шаш күтіміне де айтарлықтай көңіл бөлген. Алба-жұлба кір шаштарды ұнатпағанын байқаймыз. Әр   жұма   сайын   ғұсыл   құйынып,   толық   жуынып   тұруға шақырғаны бөлек, дәрет алу кезінде аяқ, қол, ауыз, мұрын, бет, тіпті құлақ, мойынға дейін сүртілуінің өзі де күн сайынғы бірнеше мәрте қайталанатын мұқият тазалыққа жатады. Өйткені, ғылымдағы мәліметтер бойынша, бір грамм мұрынның суында 10 млн бактерия болса, бір грамм түкірікте 100 млн бактерия кездесетіні анық.

Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисін жеткізген: Пайғамбарымыз   қабірге   келіп:  Сәлем   сіздерге,   уа, мүминдердің мекені.  Иншалла, біз де сіздерге қосыламыз.  Әттең, діндес  бауырларымды да көрерме едім, деген еді.Қасындағылар:  Сіздің діндес бауырларыңыз біз емеспіз бе?  деп сұрағанда, «Сендер менің сахабаларымсыңдар, бауырларым әлі келген жоқ, деген жауап естіген. Сахабалар «Үмбетіңізден әлі келмеген- дерді қалай танисыз?», - деп сұрағанда, ол «Біреудің бірыңғай жирен түсті үйірі болса, соның ішінен қасқасы мен аяғында аласы бар аттарын тани алады ғой. Дәрет алған мүшелер де осы секілді ақыретте аппақ болып жарқырап көрінеді. Содан танимын.Әркім шамасы келгенше, денесін жарқыратуға тырыссын» деп жауап берген еді.

Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес нәрсені жаратылысынан адам қажетсінеді: мұртты басу, тырнақ қысқарту, қолтықты түктен тазарту, ұятты жерді түктен тазарту, сүндетке отыру» деп, Исламдағы тазалық   адам   жаратылысын   толық   қамтитынын   аңғартқан Бүгінгі күні медицина ғылымы профилактикалық әрі гигиеналық тұрғыдан сүндетке отырғызу адам ағзасына аса қажетті екендігін дәлелдеді. Батыс елдерінде сүндеттеу амалы оқиғасы жиі ұшырасады. Өйткені, қатерлі ісікке жол ашпау секілді жыныстық кеселдердің алдын алу және тазалық тұрғысынан олардың бұған әлдеқашан көзі жеткен.

Құранда: «Киіміңді таза ұста, жаман нәрселерді таста» делінгендіктен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)    әрқашан киіміне қыл жуытпауға тырысқан.   Намаз   оқу   үшін   де   киімнің   тазалығы   маңызды болғандықтан,   «Ақ киім киіңіздер. Ақ түсті киім әдемі көрінеді, «Әй, адам баласы! Мешітке барған сайын әдемі киімдеріңді киіңдер» делінгендіктен Алланың елшісі (с.ғ.с.) мешітке барарда, сондай-ақ мереке күндері үсті-басының тазалығын тіпті қадағалай түсетін. Біздің де: «Алла тағала жомарт, жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла тағала  таза, тазаланғандарды жақсы көреді. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын таза ұстаңыздар» деген Пайғамбарымыз үмбетін   әрқашан   өзі   тұратын   үйді,   ауланы да   таза   ұстауға шақырған. Бірде «Абайлаңыздар, қарғыс атқандардан болмаңыздар» деп еді. Сахабалары қарғысататындардың кімдер      екенін сұрағанда: «Ел жүретін жолға, ел көлеңкелейтін ағаштың түбіне, өзен, көлдің жағасына дәрет сындырып ластағандар»,- деп жауап берді.

Бұдан қоғамдық орындарды да таза ұстауға Пайғамбарымыздың сүннеті екенін ұғамыз. «Суға дәрет сындырмаңыздар.  Сол судан дәрет алу я болмаса ғұсыл алу қажет болмасын қайдан білесіздер. Ешкім жүніп кезінде ыдысқа құйылған судың ішіне түсіп жуынбасын. Бір ыдыспен су алып сыртта жуынсын» дегені де тазалық тұрғысынан мәні тәлім екені сөзсіз.  Құран Кәрімде Алла тағала құлдарына: тазалық   тұрғысынан   да   ыңғайлы.   Мәйітті   ақ түсті   матамен кебіндеңіздер» деп, ақ киген жағдайда тазалыққа көңіл бөлудің анағұрлым артатындығын білдірген.

Киімі ластықтан көрінбейтін адамды көргенде, «Мына кісі киімін жуатын ештеңе табаалмағанба?!» деп ренішін білдіргенін хадис кітаптарынан кездестіреміз. Осы сөзімен мұсылмандарды киімді таза ұстауға шақырған Бірде пайғамбарымызға сахабалары беті ашық ыдыспен сүт әкеледі. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Тақтаймен болса да бетін жауып әкелмедіңіздер ме» деп ескерткен. Сыртқы тазалыққа осыншалықты көңіл бөлінген исламда ішкі рухани тазалыққа да айтарлықтай мән берілген. Өйткені, сыртқы тазалық   ішкі   тазалықпен   үйлескенде   ғана   адамның   жасаған құлшылықтары қабыл болмақ.

Ислам дінінде мұсылмандардың ішкі, рухани тазалығына да аса қатты мән берілген.   Ішкі тазалық жүрек тазалығын, көңіл ақтығын, ниет дұрыстығын, пейілдің ақ жарқындығын, әдептілік мен адамгершілік қасиеттердің кемелдігін құрайды. Жүректі таза ұстау жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласының денесінде жұдырықтай ет бар. Сол жақсы болса бүкіл дене  (іс-әрекеттері) жақсы болады. Сол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Абайлаңыздар, ол  жүрек» десе, тағы бірде «Әр затты кір шалғаны тәрізді жүректі де кір шалады. Оны тәубамен, кешірім тілеумен тазалап отырыңыздар» деп, жүректі таза ұстау керектігін үйреткен.

Өзі күн сайын жүзден аса кешірім тілейтін.   Сонымен қатар, «Лә иләһә иллаллаһ» секілді зікірлердің де жүректі тазартатындығын білдірген. Рухани тазалыққа: өтірік, өсек, балағат сөздерге үйір болмау, екіжүзділік пен жалақорлықтан, ұятсыздық пен арсыздықтан, тәкаппарлықтан аулақ болу, күнәлі істерге жуымау, харам ас жемеу, қулық-сұмдық, алдау-арбаудан бойды жырақ ұстап, ешкімнің ала жібін аттамау, кісі ақысына көңіл бөлу, ешкімді күндемеу, жан баласына жамандық ойламау, өзіне өлшеп берілген нығметтерге шүкіршілік ету т.б. жатады. Айнаға қараған сайын: «Уа, Раббым, сыртқы бейнемді әсем еткеніңдей, ішкі жан дүниемді де әсемдей гөр!» деп дұға еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рухани тазалығымен де әрдайым өнеге-үлгі болған. Өзіне сан мәрте қастандық жасамақ болғандардың бәрін де кешіре білуі соның бір ғана дәлелі. Осы тазалық кейіннен де жалғасты. Әбу Бәкір (р.а.) бірде   байқамай   жеп   қалған   бір   түйір   астың   харам   екендігіне күдіктенгенде,   артынша-ақ   өзін   қатты   қинап   құсып   тастауға асыққан еді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа Куфада бір қойдың ұрланғанын естігенде, қойдың жасын есептеп, он шақты жылдай бір түйір де қой етін аузына салмай қойған. Байқаусызда әлгі ұрланған қойдың етін жеп қоймайын деп сақтық жасаған. Пайғамбарымыздың «Мына     кісі   жұмақтық» деп көрсеткен сахабасы өмірінде қызғаныш дегенді білмейтін, ешкімді күндемейтін, жаман сөзі жоқ адам болып шыққан. Міне, осы секілді мысалдардың барлығы да ішкі рухани тазалықтың мөлдіріне қол жеткізген кісілерде кездескен. Демек, таразыға салып салмақтасақ, сыртқы тазалықпен қатар ішкі тазалықтың да мәні зор.

Ата-бабаларымыз да осы ішкі тазалыққа көбірек көңіл бөлуге үндеген. Айталық, Үмбетей жырау елге үлгі болған жандарға басу айтқан бір сөзінде:

Әй, Ақтамберді, Қабанбай,

Суытпа бекер түсіңді,

Қайрама мұнша тісіңді.

Сырт тазасы не керек

Тазарт әуел ішіңді! десе, Ақмолда Мұхаммедиярұлы:

Әуелі жуу керек іштің кірін,

Іште толып жатпасын сасық ірің.

Аһ, дариға, іш тазарсын, іш тазарсын,

Әйтпесе пайда бермес құры білім, деп өмірде ойға жинақтаған тәлім мен бойға жинақтаған білім адамды тазалыққа шақырмаса, адамдығын арттырмаса, «сырты бүтін, іші түтіндіктің» пайда бермейтіндігін толғаған. Абай   атамыз   да   өз   өлеңінде   халыққа   ислам   дініндегі тазалықты   дұрыс   насихаттау   керектігін, сыртқы   тазалығына көңіл   бөлетіндердің   көп   жағдайда   ішкі   рухани   тазалыққа   да соншалықты көңіл бөле бермейтіндігіне өз қынжылысын былай деп білдірген:

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,

Хүснізан мен иманды білді ойлаған.

Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,

Сыртын қанша жуғанмен іші оңбаған...

Иә, «Мықты болсаң жердей бол, бәрін шыдап көтерген, таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген» демекші, Ыбырай Алтынсарин бабамыз да «Таза бұлақ» әңгімесінде оқырмандарын бұлақтай тұнық, судай таза болуға шақырмап па еді.

Құдайберді Бағашар

дінтанушы


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk