wrapper

Соңғы жазбалар

Абай атамыз он төртінші қара сөзінде былай дейді: «…құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?»

Бұл сөзге қарап отырсақ, Құдайға терістікпен қатар ар мен ұятқа терістік аталған. Дана халқымызда «арым жанымның садақасы» деген сөз тағы бар. Демек, біздің халықтың түсінігінде адамның адам болуы оның ар-намысымен, ұятымен байланысты. Ар мәселесі бір-ауыз сөз болғанымен оның ішкі мәні ұшан теңіз. Мәселен, қыздарымыз бен ұлдарымызды, дінімізді, тілімізді, ділімізді, туымызды, кең байтақ жерімізді біреулер ойыншыққа айналдырғысы келсе, ол ең алдымен біздің ар-намысымызға сын. Бөтен түгіл, өзімізді өзіміз қорлыққа бермеуді әдетке айналдырғанымыз жөн. Мысалы, еліміздегі қара көз қарындастарды, аяулы қыздарымызды бойында зәредей ар-намысы бар еркек қорлап, ойыншыққа айналдырмауы керек. Өйткені кез келген қыз бала өзіміз сияқты бір адамның қызы, қарындасы немесе әпкесі.  Ендеше, бір сәттік ләззат үшін бір қыздың өмірі бүлінсе, бұл ең алдымен қыздың емес, еркектің намыссыздығы. Еркектің жігерсіздігі, ертеңін ойлай алмайтын ақылсыздығы.

Ендеше, ар дегеніміз не? Алдымен соған тоқталайық. Ар адамның намыспен, абыроймен өмір сүруі. Ұят пен әдеп нормаларынан озбауы. Жаман сөз бен жаман істен аулақ болуы. Ар – бүкіл харамдардан алыс болып, тек қана адалдық шеңберінде тіршілік етуі. Ал енді ұяттан жұрдай болып, кез келген күнәлі істі оп-оңай жасай беретін адамдар арсыз немесе азғындыққа салынып кеткен адам деп аталып келді.

Қасиетті Құран кәрімде ар-намысты сақтау, ұятты жерлерді күнәдән қорғау иманды жандардың өзіндік белгісі ретінде аталуында үлкен мән бар. Мұсылман еркектер мен мұсылман әйелдерге ар-намыстарын қорғасын деген арнайы бұйрық та түскен.

Ар-намысты қорғау әдеп дәрістерінің ең басында тұруы тегіннен тегін емес.  Ар-намыс жоғалған жерден әдеп пен көркем мінез де ізім ғайым жойылады. Сондықтан болса керек, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріптерінің бірінде: «Әдепсіздік пен жаман сөз жолаған жерін бүлдіреді. Ал ұят өзі жүрген жерді көріктендіреді» деген.

Осы хадистің сәулесімен бүгінгі қоғамға көз жүгіртіп көрейікші.  Ар сызығын аттамауға, жан мен тәнді таза ұстауға қаншалықты көңіл бөлініп жүр. Абай атамыз айтқан ар мен ұятқа теріс қылықтардан бүгінгі қоғам, әсіресе жастар қаншалықты сақтануда? Міне, бұл сұрақтар өте-мөте маңызды. Өйткені бізді адамдығымыз да, мұсылмандығымыз да, қазақтығымыз да ар-ұятпен біте қайнасып кеткен. Ұят кетіп, ар-намыс аяқ асты етілген жерде иман да ұзақ уақыт тұрмайды. Осыны айғақтайтын хадистер аз емес.

Ал енді өкінішке қарай, кейде ар-ұятқа терістіктен бойын жиып ала алмағандарды көзіміз шалады. Мысалы, тойларда біреудің әйелімен, біреудің күйеуі түк болмағандай билей береді. Кейбір мекемелердің дәліздерінде бірге жұмыс істегенімен араларында  некесі жоқ жігіттер мен қыздар бір-бірін құшақтай салады. Бірінің қолын екіншісі ұстап кете береді. Мұның бәрі бір қарағанда, ұсақ-түйек сияқты болып көрінгенімен, Жаратушы иеміз Алла назарында күнәлі қылықтарға жатады. Бұл мәселелердің қаншалықты маңыздылығын дініміздің тарихындағы бірнеше оқиғамен септестіріп өтейік.

Алла Тағала қасиетті Құранда хазреті Жүсіп пайғамбар,  Мәриям анамыз секілді тұла бойы ар-намыстан жаралған тұлғаларды да бүкіл адамзат баласына мысал ретінде баян еткен.

Хазрет Жүсіпті (а.с.) уәзірдің әйелі күнәлі іске шақырғанда, ол Алла Тағалаға былай деп жалбарынды: «Уа, раббым, бұл әйелдердің мені шақырып тұрған істерінен гөрі қараңғы зындан мен үшін әлдеқайда қайырлы» (Жүсіп сүресі, 33-аят). Міне, ар-намыс пайғамбары осындай тілекепен өз арына күнәлі істің түйірдей дағын жұқтырып алудан гөрі қаншама жылдар бойы тар қапаста күн кешуді артық санағанын көреміз. Көрдіңіз бе, ар-намысты сақтау қалай болу керектігін. Күнәлі іске барудан гөрі пәлен жыл қараңғы зынданға түсуді қайырлы деп дұға етті. Ал біз ше? Кейде адамдар ешкім зорламай-ақ өз еркімен күнә жасайды. Сондықтан, әрине, Жүсіп пайғамбардың бұл сөзі Қиямет күніне дейін жер бетіне келіп кететін барша мұсылман-мүминдер үшін өшпейтін үлгі-өнеге.

Сондай-ақ қасиетті Құранда: «Ар-намысын сақтаған Мәриямды есіңе ал. Біз рухымыздан үрледік. Оның өзін де, һәм оның ұлын да барша әлемге ғибрат еттік» деген аят бар («Әнбия» сүресі, 91-аят).

Хазрет Мәриямның Қасиетті Құранда баяндалған мына бір сөзіне де назар аударайық. Оған Жәбірейіл періште келіп: Жаратушы Раббыңның саған тап-таза сәби нәсіп ететінін сүйіншілеу үшін жіберілген елші ғанамын»  дегенінде: Хазрет Мәриям ерекше таң қалып: «Қалайша менің сәбиім болуы мүмкін? Маған ешбір ер адамның қолы тиіп көрмеген және мен арсыз әйел де емеспін» дейді. Сондай-ақ Аллаға құлшылық етіп, терең ойға шомып отырған кезінде адам бейнесінде келген Жәбірейіл періштені көріп шошып кетуі, содан соң бірден: «Мен сенен Рахман Аллаға сыйынамын» деп дұға етуі ойлы адамға біраз жайдан хабар берсе керек. Міне, арға кіршік жұқтырмаудың тамаша бір үлгісі осы болса керек. Міне, Мәриям анамыз ешбір адамның қолы тимеген деп тұр. Бұл бүгінгі қыз-келіншектерге үлгі-өнеге. Қыз баланың денесіне бөтен еркектердің қолы тию былай тұрсын, жақындамауы керек. Ол өзінің бар тазалығын, пәктігін, дене-мүшелерін тек қана өз күйеуі үшін сақтауы керек. Тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да өздеріне некесіз бөтен адамдардың қолын тигізбеуде осыншалықты қатаң талап қойса, одан тек жақсылық қана келеді. Мәриям ананың бүкіл әлемдерге үлгі болатындай ұлы дәрежеге жетуінің бір сыры ар-намысын сақтауға осындай талап қоюы болса керек.

Сөз соңында Алла Тағаладан тілеріміз, біздің елді арын жанындай көретін халық болуын нәсіп етсін. Әмин!

Асылбек Ноғаев


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk