wrapper

Соңғы жазбалар

Жауап: Салауат (жекеше түрде салат) сөзі истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды. Құранда: «Алла мен оның періштелері міндетті түрде пайғамбарға салауат айтады. Уа, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, шын көңілмен сәлем жолдаңдар!» делінген («Ахзап» сүресі, 56-аят). Мұндағы  Алла Тағаланың  «салауат» айтуы – «рақымет»,  «мейрімділік», періштелердің салауат айтуы – Алла Тағаланың кешірімін сұрау,  мүминдер тарапынан  болса «жақсы дұға тілеу» мағынасын береді. Сондай-ақ бұл аят Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) салауат айтудың қаншалықты маңызды екенін айшықтап беруде. Әрі салауаттың Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үнемі айтылатынын да ескертіп тұр.                                                                    

Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аты аталғанда  (Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд деп т.б.) салауат айтудың маңызды екенін ескерткен бірқатар хадистер де бар. Мәселен төмендегі мына хадистерде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Атым аталған кезде маған салауат айтпаған кісінің мұрны жерге сүрінсін» десе (Тирмизи, Даут 110) тағы бір хадисте: «Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны, маған көп салауат айтқандары» деген (Тирмизи, намаз 327). «Есімім аталған кезде маған салауат айтпаған адам нағыз сараң» деп те айтқаны бар (Тирмизи, Әбу Дәуіт 110). Әнәс ибн Мәликтен (р.а) жеткізілген мына бір хадисте: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мінбердің бірінші баспалдағына шығарда «әмин» деді. Екінші баспалдаққа шығарда тағы «әмин» деді. Үшінші баспалдаққа шығар кезде де «әмин» деді де, мінбердің ең жоғары жағына шығып отырды. Сол кезде Муаз ибн Жәбәл (р.а.) «Уа Расулуллаһ! Мінберге шығарда неге үш рет «әмин» дедіңіз» деп сұрады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мінберге шығарда Жәбірейіл періште жаныма келді де, Уа Мұхаммед! Кімде-кім Рамазан айына жетіп, сол айдың құрметі үшін кешірімге ие бола алмай өмірден өтіп тозаққа кетсе, Алла оны мейрімінен алыстатсын» деді. Сол кезде мен де «әмин» дедім. «Кімде-кім ата-анасының қартайған шағында олармен жақсы мәміледе болмай, қайтқанда тозаққа кетсе, Алла оны мейрімінен алыстатсын» деді. Мен де «әмин» дедім. Кімде кім сенің есімің аталған кезде салауат айтпай, қайтыс болып тозаққа кетсе, Алла рақыметі мен мейрімінен алыс болсын» деді. Мен тағы да «әмин» дедім» деп жауап берген (Дәйлами, Мүснәдул- фирдаус, 1640; Ибн Хиббан, Әс-Сахих, 904, Али әл-Муттақи, Кәнзул-Уммал 24295).  Әнастан (р.а) жеткізілген тағы бір хадисте: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі», – деген.

Ислам ғалымдары жоғарыда айтылған аят, хадистерге сүйене отырып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аты аталғанда бір рет салауат айтудың үкімін уәжіп, егер бірнеше рет Алла елшісінің аты аталса салауат айту мұстахаб деген. Яғни сауапты іс.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтудың кейбір үлгісі төмендегідей:

Оқылуы:

«Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд»

Оқылуы:

«Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» 

Оқылуы:

«Аллаһуммә салли ‘алә сәййдинә Мухаммәдин уә ‘алә әәли сәййдинә Мухаммәдин кәмә салләйтә ‘алә сәййдинә Ибраһимә уә ‘алә әәли сәййдинә Ибраһимә иннәкә хамиидун мәжиид»

Мағынасы:

«Уа, Алла тағалам, хазірет Ибраһимге (ғ.с.) және оның отбасына салауат еткеніңдей (мейірімің мен разылығыңа бөлегеніңдей) хазірет Мұхаммедке (с.ғ.с.) және оның отбасына салауат еткейсің. Шын мәнінде, Сен бар мақтау мен мадаққа лайықсың әрі ең Ұлысың!»

Оқылуы: Аллаһуммә бәәрик ‘алә сәййдинә Мухаммәдин уә ‘алә әәли сәййдинә Мухаммәдин кәмә бәәрактә ‘алә сәййдинә Ибраһимә уә ‘алә әәли сәййдинә Ибраһимә иннәкә Хамиидун Мәжиид.

Мағынасы:

Уа, Алла тағалам, хазірет Ибраһимге (ғ.с.) және оның отбасына береке бергеніңдей, Мұхаммедке (с.ғ.с.) және оның отбасына да береке бере гөр. Шын мәнінде, Сен – бар мақтау мен мадаққа лайықсың әрі ең Ұлысың!


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk