wrapper

Соңғы жазбалар

Әссәләму алайкум Алау ұстаз! Егер адамның тісінде коронкасы немесе пломбасы болып ғұсыл алатын болса ғұсылы дұрыс бола ма? Себебі Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы бойынша тістердің арасына және тіс шұңқырларына су тимесе ғұсыл дұрыс болмайды. Сондықтан ғұсылға, дәретке және намазға ниет етерде имам Малики мен имам Шафиғиге ұйю керек. Осылайша Малики немесе Шафиғи мәзһабын тақлид еткендердің ғұсылы, дәреті және намазы да сахих болатынын естідім ("Намаз кітабы" Хасан Яваш 65-66 беттер). Осы мәселені толықтай түсіндіріп берсеңіз. Алла разы болсын!

Cіздің сұрағыңызға қатысты ханафи фиқһы кітаптарында әр түрлі көзқарастар айтылған. Мұның бәрін тізбелеп жату бөлек бір мақаланы қажет етіп, арнайы фиқһ саласы мамандарының талқылайтын мәселесі болғандықтан, осы сайттың жауап беру пішініне  сәйкес қысқаша жауап бере кетейін:

Ханафи мәзһабында ғұсыл алған кезде ауыздың ішін жуу парыз саналады. Ал ханбалиде уәжіп, шафиғи мен малики мәзһабында  сүннет болып табылады. Ханафи мәзһабында ауыздың ішін жуу ерекше маңызға ие. Себебі ғұсыл кезінде ауыз бен мұрынға су алып, барлық жерге су тигізу қажет. «Тіс пломбасы мен тістің сыртын қаптату ғұсылға кедергі келтіреді» деушілер осы қағиданы негізге алып, мұндай жағдайда ғұсыл дұрыс болмайды деп ой түйген. Бірақ бұл жерде «ауыз қуысы» деген сөзге ерекше назар аудару керек. Яғни бұл жерде жуылуы қажет жер – ауыз қуысы. Сондықтан тісіне пломба жасатқан немесе сыртын қаптатқан адамға тістің сыртын жууы жеткілікті. Сонымен қатар тіске пломба қойдыру мен қаптату тісті сақтауға қатысты қажеттіліктен туындағандықтан, қаптаманың жуылуы тістің жуылуымен тең саналады.

Кейбір кітаптарда кездесетін «тіске жабысып, қатып қалған қалдықтар жуылмаған жағдайда ғұсыл дұрыс болмайды» деген көзқарастағы айтылған мәселе тіске емдік мақсатпен қойылған пломба немесе қаптамамен салыстыруға келмейді. Өйткені тістің арасындағы тамақ қалдықтарын алып тастауға болғанымен, пломба мен қаптағышты алып тастау қиындық тудырады. Әрі ханафи фиқһында жараның үстіне байланған таңғыш пен жағылған дәрі-дәрмектің сыртына судың тиюі жеткілікті болып саналады. Яғни тіс пломбасы мен қаптаманың сыртын судың тиюі ғұсыл үшін жеткілікті.Сондықтан бұл мәселе үшін бір мәзһабтан екінші мазһабқа өту қажет емес.

Бір мәзһабтың өзін дұрыс білмеген адамдарға басқа мәзһабтың үкімі бойынша жүр деу мәселені одан сайын қиындата түседі. Демек, тісіне пломба қойдырған немесе тісін қаптатқан адамның ешқандай күмән келтірместен, ханафи мәзһабында қала отырып, құлшылықтарын атқаруына болады. Осы жерде айта кетер тағы бір мәселе, тіске пломба қойдыру немесе тістің сыртын қаптату кезінде кісінің дәретті болуы шарт емес.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk