wrapper

Соңғы жазбалар

Алла Елшісінің (с.а.с.) үзеңгілес серіктері сахабалар Хақ діннің бүр жарған һәм кемелденденгенін өз көзімен көрген алғашқы ақжал толқын. Сахабалар тәлімі мінсіз тәлімгер Мұхаммедтің(с.а.с.) тағылымын бойына сіңірген төл шәкірттері саналады. Осы себептен де «салафи-салихин» деп аталатын алғадай мұсылмандардың салт-санасы мен діни тәжірибесі кейінгі мұсылман қауымының ғұмырлық өлшеміне айналды. Хақ-Тағала Құран Кәрімде саф исламның мәйегінен сусындаған сахабалардышүбәсіз ізгіліктің жаршысы екенін әйгілеген. Мысалы, мұхажірлер туралы: «Әсіресе, сондай жұрттарынан, малдарынан қуылғандар; Алладан мархамет, ризалық іздеп, Аллаға, Елшісіне көмек еткен пақыр мұхажірлер үшін. Міне, солар шыншылдар»,- (Хашыр, 59/8) деп бұйырады.

Дін үшін дүние-мүлкі мен туған-туысқандарын тастап, қасиетті шаһар Меккеден жаңа қоныс Мәдинаға ауа көшкен мұхажірлердің еренерлігін Жаббар Хақ елеусіз қалдырмай, осылайша қасиетті кәламымен мәртебесін көтермелеген. 

Ал, ансарлар хақында: «Бұрыннан Мәдинада қоныстанған иман иелеріне де (беріледі). Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбіңдік болмайды. Сондай-ақ, өздерінде таршылық болатұра оларды өздерінен артық көреді» (Хашыр, 59/9) деп бұйырған.

Ислам діні үшін Меккеден үдере көшкен мұхажірлерге илаһи достық құшағын ашып, үйінің екі бөлмесі болса бір бөлмесін, бір бөлме болса бір бұрышын беріп, тіпті дүние-мүлкімен қатар, бір үзім нанның өзін бөлісіп жеген мәдиналық сахабалардың ақырет күні жүздерінің жарқын болатынын Тәңір-Тағала осылайша ерекше мақтаулармен жеткізген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегесімен өмір сүргендіктен сахабалардың пәтуалары фиқһ ілімінде үкім ретінде қарастырылады. Табиғин және таба-табиғин ғұламалар өздерінің дербес үкімінен сахабалардың пәтуасын жоғары қойған. Мысалы, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Имам Мұхаммед және т.б. ғұламалар сахабалардың пәтуасы тұрғанда қияс арқылы үкім бермейтін. Десек те, сахабалар пәтуасы аят пен хадис тәрізді негізгі (мутлақ насс) дәлелге жатпайды. Егер олардың пәтуасынан да қуатты дәлел табылып жатқан жағдайда, онда сол дәлелмен үкім беріледі. Мысалы, бірде Ибн Аббастан: «Ұлын құрбандыққа шалуға атаған адам не істеуі керек?», - деп сұрағанда, ол: «жүз түйе құрбан шалуы керек», - деп үкім береді. Бірақ табиғин Мәсруқ (ө. 62/682) мұны естісімен қарсы шығып, Алла Тағала Ибраһимге ұлы Исмайылды құрбандыққа шал деп, кейін бір қойды құрбан шалуды бұйырғанын (Саффат, 102-107 аяттар) негізге ала отырып, ұлын құрбандыққа шалуға атаған адамның тек бір қой шалу керектігін алға тартады. Сонда Ибн Аббас таласпастан Масруктың көзқарасын қабылдайды. Яғни, фиқһ ілімінде Құран мен сүннеттен қуатты дәлел табылған жағдайда сахаба пәтуасы мансұқталынады.

Имам Ағзам Әбу Ханифа сахабалардың көзін көріп, тікелей тәрбиесін алғандықтан, олардың сөздерін пәтуа ретінде қарастырған. Бұлай үкім беруге Мұхаммедтің (с.а.с.):«Менің сахабаларым аспандағы жарық жұлдыздар секілді. Қайсысын ұстаса да ақиқатты таба алады» деген хадисі арқау болған. Әбу Ханифа: «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен сөзді төбеме қоямын. Бұл жайында сахабалардың әр түрлі көзқарасы немесе пәтуасы бар болса, оның ішінен таңдаулысын аламыз. Бірақ, олардың көзқарастарынан асырып ештеңе айтпаймыз. Табиғиндерге келер болсақ, біз де олар секілдіміз. Олар қалай ижтиһад жасаған болса, біз де ижтиһад жасаймыз», (әл-Жәузия. Имамул Муақиъин. II,229) деген болатын.

Имам Малик те қажетті жағдайда сахабалардың үкімдеріне арқа сүйеген. Ол сахабалар үкімдерін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннеті ретінде қабылдаған. Тіпті, бір мәселеге қатысты хадис пен сахаба пәтуасында екі түрлі үкім болған жағдайда, ол қайсысықолайлы әрі сенімді болсасол үкімді негізге алған.

Ал, Шафий мәзһабындағыескі көзқарас бойынша сахаба пәтуасы қабыл етілген. Кейінгі Шафий өкілдері сахабаларпәтуасын үкім шығаруға дәлел ретінде қолданбаған. Шафий мәзһабының алғашқы өкілдері сахаба пәтуасын үкім ретінде қарастыру барысында Имам Шафийдің «Ар-Рисала» атты еңбегіндегі көзқарастарды негізге алған. Олар Имам Шафийдің сахаба пәтуасына қатысты пікірлерін былайша топтастырған:

А) Имам Шафий сахабалардың ижмағын (ортақ көзқарасын) еш шүбәланбастан үкім ретінде қарастырған. Мысалы, Имам Шафий жаңа жаулап алған жерлерді бұрынғы иелеріне қайтарып беру туралы сахабалардың ижмағын үкім ретінде қабылдаған.

Ә) Имам Шафийкез-келген мәселеге қатысты сахабалардың бір біріне қарама-қайшы көзқарастарының қайсысы жарамды екендігі анықталмаған жағдайда да сахабалардыңпәтуаларын дәлелге жатқызған.

Б) Имам Шафий сахабалар арасында кейбір тартысқа түскен мәселелер бойынша өзінен бұрын өмір сүрген Имам Ағзам секілді табиғин ғұламалардың көзқарасын құптаған. Әсіресе, Құран мен сүннетке, ижмағқа жақын сахаба пәтуаларын дәлел ретінде қарастырған. Сондай-ақ, Имам Шафий Құран мен сүннет және ижмағта қарастырылмаған мәселелер бойынша хз.Әбубәкір, хз. Омар, хз. Осман секілді имам болған сахабалардың пәтуаларын жоғары қойған.

Имам Ахмад Ханбал да сахабалар пәтуасына үлкен құрметпен қараған. Дегенмен, Ханбали мәзһабы бойынша негізінен хадистерге сүйену арқылы үкім берілетіндіктен, сахаба пәтуалары сахих хадистерге қайшы келмеген жағдайда ғана қуаттаушы дәлел ретінде бағаланады.

Біздің дәстүрлі дүниетанымымызда сахабалар биік мәртебеге ие. Имам Ағзам мәзһабындасахабалар пәтуасы жеті қайнаркөздің бірі ретінде қарастырылады. Әсіресе, ғибадатқа қатысты мәселелерде сахабалардың діни тәжірибесі ерекше назарға алынады. Себебі, сахабалар Тәңір-Тағала тарапынан Пайғамбарымызға (с.а.с.) үзеңгілес серік ретінде таңдалып, мұқым мұсылман үлгі тұтатын тақуалар дәрежесіне жеткен.


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk