wrapper

Соңғы жазбалар

Араб тілінде истисхаб (ﻹﺳﺘﺼﺤﺎب)дегеніміз сұхбаттасу және сұхбатты жалғастыру мағынасын білдіреді. Ал, фиқһ ілімі бойынша қолданыстағы бір үкімнің өзгергеніне дәлел табылмаса, ол норманың сол күйі жалғасуын айтамыз. Фиқһ ілімінің зерттеушілері истисхабты мынадай екі мағынада қабылдаған:

А) Бұрыннан бар болған нәрсенің бар, жоқ болған нәрсенің жоқ деп есептелуі;

Ә) Өткен шақтың есебінде қуатты деп саналған нәрсенің өзгергеніне нақты дәлел табылмаса, сол қалпында бағалануы.

Фиқһ зерттеушілері истисхаб әдіснамасына нақыл және ақыл тұрғысынан көптеген дәлелдердің бар екенін алға тартады. Мысалы, фақиһтер Құран Кәрімдегі: «Ол сондай Алла, жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты» (Бақара: 29) деген аятты негізге алып, бір нәрсеге қатысты бұйрық немесе тиым болмаса, фақиһтер оны пайдалануды мүбах немесе халал деп есептейді. Истисхаб әдіснамасына сүннеттен дәлел келтірер болсақ, Сулейман б. Бурайда: «Алла Елшісінің (с.а.у) фатх күні бір дәретпен барлық намазды оқыды» (Муслим, Таһарат 2/25) деген хадисті жеткізеді. Яғни, Пайғамбарымыз (с.а.у) бір дәретпен бірнеше намазды оқыған. Демек, дәреттің бұзылғаны анықталмайынша, дәрет бар деп есептелінеді.

   Истисхаб әдіснамасына рационалдық дәлелдер келтірер болсақ, фиқһ зерттеушілері бір адамның үйленгені белгілі болып, ал ажырасқандығына дәлел болмаса, некені бар деп есептеу туралы фақиһтердің ақылмен берген ортақ үкімі бар екенін айтады. Сондай-ақ, бір адамның өлі немесе тірі екені белгісіз болған жағдайда, оның меншігіндегі мүлікті мирасшыларға бермеу, бір келісімшарттың дұрыс еместігі белгілі болғанға дейін ол келісімшарттың күшін сақтау, судың нәжіс болғандығы дәлелденгенше ол суды таза деп санау және т.б осы тәрізді пәтуалар ақылмен шығарылған үкімдер (истисхаб) болып есептелінеді.   

 Истисхаб өз ішінде төртке бөлінеді.

1. Негізі бар истисхаб: Мәселен, бір дәлел кездеспейінше адамға жауапкершілік жүктелмейді.

2. Рационалды немесе құқықтық дәлелі бар истисхаб:Мәселен, қарызы бар адам, қарызын өтегендігін дәлелдемейінше жауапкершіліктен құтыла алмайды.

3. Үкім истисхабы: Мәселен, бір мәселенің тиым салынғандығына немесе халал еткендігіне үкім бар болса, ол үкімнің өзгергендігін айқындайтын жаңа дәлел табылғанға дейін сол күйінде қалады.

4. Сипатқа ие истисхаб:Мәселен, бір нәрсенің немесе бір істің сипатына қатысты истисхаб, яғни, таза нәрсенің лас болғандығы дәлелденбегенше оған таза деп үкім беріледі.

Ислам мәзһабтарының көпшілігі истисхаб әдіснамасын қабылдаған. Атап айтар болсақ, әһлу сунна жолындағы шафий, ханбали, сондай-ақ, әһлу сунна болып есептелмейтін хашауаийа-захирийа және жағфарийа мәзһабының фақиһтері қоғамдық қатынасты реттеуге қатысты истисхаб әдіснамасымен үкімдер берген. Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі күні теріс діни ағымдар тарапынан қатаң бұйрықтар мен тиымдар тасқындап тұрған шақта, мұсылман қоғамының тұрақтылығын сақтап қалу үшін истисхаб әдіснамасы өте маңызды болып саналады


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk