wrapper

Соңғы жазбалар

Адамзат өмірінің қай ғасырында да мемлекеттің негізгі тірекерінің бірі саналатын дін жайы бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан емес. Тәуелсіздікпен бірге қауышқан діл мен діннің бүгінгі ахуалы қандай? Жүректің төрінен орын алар үлкен сенім мектебін өзге мақсатта бөгде біреулер құрал қылып жүрген жоқ па?  «Қой терісін жамылған» жат ағымның үгіт-насихаты елді еркін кезіп жүрмесіне кім кепіл?! Өзекті сұрақтардың жауабын «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, белгілі теолог Ризабек Батталұлының сұхбатынан оқи аласыздар…

Ассалаумағалейкум, Ризабек аға. Бүгін біз сізден ғаламдық сипат алған тәкпіршілер турасында білгіміз келіп отыр. Әңгіме басын осы ағымның жаһандық сипат алуының негізгі себептерінен бастасақ. Тәкпіршілдіктің бүгінде кеңінен таралуына кімдер мүдделі, олар жас буынның ақыл-санасын баураудың қандай әдіс-тәсілдерін қолданады?

– Уағалейкум ассалам. Жалпы, кез келген ағымның пайда болуына үңілетін болсақ, ол екі бағытта өрбиді. Біріншісі, дініміздің негізгі қайнар көзі болып саналатын Құран мен Сүннетті өз бетімен түсіну, яғни Ижмағ пен Қияс үкімдерін мойындамау салдарынан туындайды. Ал екіншісі, мұсылмандардың ауызбіршілігін бұзу мақсатында жүргізілетін саяси күштердің әрекетінен пайда болады. Ислам тарихына қарайтын болсақ, Исламда пайда болған хақ ұстанымға жатпайтын топтардың шығуы осы екі негізде көрініс табады. Демек, тәкпіршілердің шығуына негізгі себеп – ілімсіздік және саяси арандатушылық деп қараған дұрыс. «Іздегенге – сұраған» демекші, дінді шала түсінген немесе ілімсіз адамның насихатына арбалғандар саяси күштердің негізгі жемтігіне айналады. Әлгі саяси күштер осындай адамның көздеген мақсатын жүзеге асыру үшін бар мүмкіндікті жасап бағады. Мәселен, қоғамда дінге қайшы қандай да бір өз заңнамаларын шығару, қалыптасқан құн-дылықтарды терістеу арқылы әлгі адамды үкіметке, қоғамға қарсы қойып, нәтижесінде ондай ортаны жек көруге итермелейді. Осы кезде дінді шала, қате түсініп тұрған адам өзін тура жолда деп есептеп, өзімен санаспаған адамдардың бәрін кәпір, дінді білмейді, адасушы, дінге қарсы келуші деп санап, сол жолда жан беруге даяр тұрады.

Кімдер мүдделі деген сауалға келер болсақ, бұл олардың таралуына өздерін «дінді дұрыс түсініп жатырмыз, бізден басқалары дінді дұрыс түсінбеген» деп жүрген адасушы топтардың басында тұрған шейхсымақтарға тікелей қатысты. Сондай-ақ, осыған мүдделі болып отырған саяси күштердің де бар екенін ұмытпауымыз керек.
Ал олардың тәсілдері Құран мен сүннетті ғана мойындау, әрі осы екі негізді тікелей қабылдау әдісі арқылы іске асырылады. Осы екі негізді тікелей қабылдаған адам Құран, сүннетпен жүрмін деп, басқасын қабылдамайтын дертке шалдығады. Нәтижесінде, адамдардың мүддесі үшін құрылған заңнамаларды, әдет-ғұрыпты мойындамай, өзімен санаспағанның бәрін діннің дұшпаны, кәпір деп есептей бастайды.

– Тәкпіршілер тобының пайда болуы Ханафи мәзһабын ұстанушы қауымның ілім игеруіне, ізденуіне, ата дін туралы білім жиюына бірден-бір себеп болды деп айта аламыз ба?

– Енді халықтың ғибадаттағы ұстанымы – Ханафи, ақидада – Матуриди екендігін жан-жақты тануға аталмыш топтардың пайда болуы, таралуы бірден-бір себеп деп айтуға келмейді. Біз бұл ұстаныммен ертеден, ежелден таныспыз. Тек бір уақыттары қол үзіп, ұмытқанымыз болмаса, әу бастан Ханафи мәзһабы, Матуриди  ақидасында екендігіміз әмбеге аян әрі бүгінде де жан-жақты насихатталып келеді.

–       Бүгінде діни ортада сәләфия ағымын «салмақты» (умеренный) және радикалды деп бөлу түсінігі де қалыптасып келеді. Осының салдарынан, түркі топырағына Имам Ағзам мектебі негізінде жеткен мәзһаб-ты ұстанушы кей жастары-мыздың осы «салмақтылар» уағыз-насихатына құлақ түріп жүретінін жиі байқаймыз. Оларды дәстүрлі дағуат жүргізуші ҚМДБ имамдарымен қатар қою қаншалықты дұрыс? Жалпы олардың намаз, дінге шақыру сипаттарындағы уағыздарын тыңдау қисынды ма?

– Рас айтасыз. Өкінішке қарай, бүгінде осындай жағдай қалыптасып отырғанын да жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, мынаны ескерейік. Біз салмақты және радикалды деп қарап отырған саяси күштер өздерін бұлай санамайды. Сондықтан, бұл сұрақ жоғарыда айтып өткен «аталмыш топтардың таралуына кім мүдделі» деген мәселенің мәнін ашады. Яғни, оларды салмақты, радикалды деп екіге бөліп, қоғамның арасында оларға деген дұрыс пікір қалыптастырып, бірақ түптің-түбінде бәрін радикал етіп шығару саяси күштердің ойыны болып отырғандығы әмбеге аян дүние. Өйткені, ақ ит пен қара итті екі бөліп қарағанмен, бәрібір – ол ит. Оларды салмақты етіп көрсету, олардың көбейіп күш алып, дамуына жол ашқаны болмаса, түйткілді мәселені шешудің жолы емес. Сол себепті оларды бөліп-жарып, жасырып-жабудың, әспеттеудің қажеті жоқ. Кейбіреулері сыртқы келбетін салмақты көрсету арқылы, өз қатарын көбейтуді көздейді. Олар екі түрлі болғанмен – сенімдері бір. Сенімдері дұрысталмай салмақты деп қарауға болмайды.

Сондай-ақ, осы санаттағы «дағуат-шыларды» имамдардың қатарына қосудың қажеті жоқ, олар үшін пайда болмаса, біздер үшін пайдасы жоқ. Енді, кей бауырларымыздың ақида мәселесінен бөлек, өзге тақырыптарда, яғни жалпы имандылық, Исламға шақыру мәніндегі уағыздарын тыңдауына болады ма деген сауалға келейік. Олардың ақидадан басқа уағыздарына тұрақты құлақ түріп, насихатына иланған жандар діни сауатсыздықтың салдарынан «дін дегеніміз осы екен» деп теріс ағымның құрбанына айналады. Өйткені, олардың «әбден пісірілген» уағыздарына әсерленгеннен соң діни басқарманың ұстанымын қолдамай кетеді. Бұның арты кейбір жастардың қоғамда қалыптасқан дәстүрлі қағидаларға, ортақ мәдени құндылықтарға, ең қауіптісі мемлекеттің заңдарына құрметсіздікпен қарап, өзі өмір сүріп отырған бүтін бір қоғамды тәрк етуіне әкеліп соғады.

– Ислам діні өркениеттің, ғылымның діні деп жатамыз. Осы ағыммен арманы алмасқан, кешегі орта мектепте білім алған жастарымыз бүгінде өркениеттен алыстап, көбіне базар маңында сауда-саттықпен айналысатынын көз көріп жүр. Бұл ертең қоғамның үлкен бөлігінің білімнен бөлектенген, ортадан оқшау тобын қалыптастырмайды ма?

– Әрине, қалыптастырады. Осы ағым жетегіндегі жастардың қоғамдық ілімнен мақұрым қалуы оларды өз мүдделеріне пайдаланатын саяси күштердің негізі ұстанымы десек болады. Бұлардың сенімдері түзелмей дені түзелмейді. Сондықтан, тағы да қайталап өтейін, оларды салмақты және радикалды деп бөліп қараудың еш қажеті жоқ.

–       Қазір әлеуметтік желілер белгілі бір деңгейде қоғамды қозғаушы күшке айналды. Әлеуметтік желілердегі радикалды таным-түсініктердің қазақ қоғамы үшін ықпалы қандай?

– Әлеуметтік желі кез келген діни бағытты насихаттаудағы негізгі күш, басты қару екені рас. Себебі, адам санасын сөзбен баураудың сан тәсілі осы ортада жүріп жатады. Сондай-ақ, интернет аталмыш топтардың да, саяси күштердің де өз мүдде-леріне пайдаланатын бірден-бір құралы. Егер әлеуметтік желі белгілі бір дәрежеде қадағаланып, кісенделетін болса, теріс пиғылды топтардың тыйылуына үлкен себеп болар еді.

– Алғашында діннің ішкі ұсақ мәселелерінде басталған пікір қайшылығы бүгінде негізгі мәселелерге –  ақидаға тірелді. Және ең қауіптісі мемлекет тұтастығына, ұлт бірлігіне сызат түсіре бастады. Өкіндіретіні, осының салдарынан қыр асып, қару асынып кеткен қаракөздер де шықты. Үлкен оттың бір шыбық шырпыдан тұтанатынын қаперге алсақ, дәстүрлі танымға, мәзһабқа қырын қарап жүрген жастардың ертеңгі қадамы бізді алаңдатады. Қазақы қалыпқа, ұлттық негізге қайтарудың қамын қалай қылсақ жасай аламыз?

– Ең алдымен, халықтың бәрін бірдей діндар етудің қажеті жоқ, жалпы халықты діни сауаттандырып, белгілі бір деңгейде дәстүрлі діннің ұстанымдарын түсіндіретін болсақ, қаймағы бұзылмаған қазақы қалпымызды сақтап қалуға болады. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген жақсы сөз бар, олай болса әр отбасында дәстүрлі дін насихатталатын болса, жастарымыздың жат ағымға еріп кетуі тоқтар еді. Отбасынан діни, ұлттық құндылық, тәлім-тәрбие алмаған жастарымыз осындай әртүрлі топтардан «нәр» алып, солардың жетегінде кетіп жатыр. Егер отбасында, оқу орындарында дәстүрлі дін ұстанымдары, әдет-ғұрып насихаты жүйелі түрде жүргізілсе, Алла қаласа, жастарымызды сақтап қаламыз деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет. 

 Сұхбаттасқан 
Жайық НАҒЫМАШ


Пікір қалдырыңыз

halal

dinikunder kk